Екі жылда 360 мыңнан астам қызға папилломаға қарсы екпе егілді

Қазақстанда жатыр мойны обырын қоздырушы папиллома вирусына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 360 мыңнан астам қыз бала алды. Бұл жөнінде денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ведомствоның айтуынша, соңғы шамамен екі жылдан астам уақытта 11–13 жас аралығындағы 301,7 мыңнан астам қыз бала вакцинаның бірінші дозасын, ал 196,6 мыңы екінші дозасын алды. Биыл мамырдан бастап екпе бағдарламасына 14–17 жас аралығындағы қыздар да қосылған. Бұл жас тобында шамамен 58,6 мың қыз бала – вакцинаның бірінші дозасын, 19,1 мыңы екінші дозасын алды.

Министрліктің айтуынша, вакцина ата-аналардың немесе заңды өкілдердің келісімімен, ерікті негізде және мемлекет есебінен жүргізіледі.

Папиллома вирусына қарсы вакцина алты ай аралық үзіліспен екі рет салынады.

Бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті өкілдері папилломаға қарсы екпе науқанында АҚШ-та өндірілген екпе пайдаланылатынын айтқан еді. Ол вирустың 16 және 18-түрлеріне қарсы күресуге арналған.

Қазақстан билігінің мәліметінше, жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі - екінші орында, 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасындағы өлім-жітімнің екінші себебі болып отыр.