2 қазанда Алматының №2 Бостандық аудандық сотында эколог Олжас Дүйсеновке үкім оқылды. Сот "Бөтеннің мүлкін иелену" бабы (189-бап) бойынша айыпталған эколог Олжас Дүйсеновті 7,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде істің барысымен таныс екі дереккөзге сүйенген "Власть" басылымы жазды.
Алматы қалалық соты әзірге, ақпарат бермеді.
Басылымның жазуынша, бастапқыда экологты су мен топырақты мұнай қалдықтарынан биологиялық тұрғыда тазартатын технологияға патенті бар "KazEcoSolutions" компаниясын "рейдерлікпен тартып алды" деп айыптаған. Дүйсенов осы технологияны дайындауға өзі қатысқан және компанияның негізін қалаушылардың бірі. Эколог сонымен бірге осы технологияны коммерциализацияға бөлінген Дүниежүзілік банктің қаржысын жымқырды, жалған құжат жасады, есірткі заттарын сақтады деп айыпталды. Дүйсенов тағылған айыптарды жоққа шығарды.
Басылымның жазуынша, тамыз айында таныстырылған жаңа айыптау актісінде рейдерлік айыбы алынған. Сот бөтеннің мүлкін жымқырудан басқа баптар бойынша оны ақтады. Осы іс бойынша айыпталушы Уәлихан Шәкіров те 7,5 жылға сотталды.
Эколог Олжас Дүйсенов былтыр ақпанда қамалған. Қамауда ұстау мерзімі асып кетсе де, осы уақыт бойы тергеу изоляторында отырды. Сот өкілдері іс прокуратураға қайта түскен мерзімнен бастап қамау мерзімі қайта есептелді деп түсіндірген.