Экология министрлігі "Семей орманындағы" өрттің жалыны сөндірілді деп хабарлады

"Семей орманы" резерватындағы өрт. 2023 жылы жазда түсірілген фото

17 шілде күні Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігі Абай облысы аумағындағы "Семей орманы" резерватындағы өрттің жалыны сөндірілгенін хабарлады.

"Барлық қызметтердің үйлесімді әрі жедел іс-қимылы нәтижесінде өрттің ашық жануы тоқтатылып, қазіргі уақытта жекелеген түтіндеу ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түнгі уақытта жеке құрам өртті толық оқшаулау бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырды", – делінген экология министрлігі таратқан ақпаратта.

Ормандағы өрттің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатымен шеткі және ішкі жағынан арнайы техникамен су шашылған. Жұма күнгі таңертеңгі сағат 8-дегі жағдай бойынша, өрт сөндіру жұмыстарына 769 адам, 191 көлік құралы және сегіз тікұшақ жұмылдырылған, өртті сөндіру шаралары басталғаннан бері әуе техникасы көмегімен 243 рет су төгіліп, өрт ошағына 546 тонна су жеткізілген, деп хабарлады министрлік.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли өрт болған аймақты тікұшақтан бақылап, жағдаймен танысқан.

Бұған дейін "Семей орманы" мемлекеттік табиғи резерватында шыққан өрт шамамен 60 гектар аумаққа тараған деген ақпарат айтылған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі бейсенбі күні Абай облысындағы "DosBolLike" лагерінен 220 адам, оның ішінде 190 бала мен 30 қызметкер Семей қаласына жеткізілгенін хабарлаған.

Өрттен зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген.

Үкімет ормандағы өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін "Семей орманы" резерваты аймағына премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша, төтенше жағдайлар және экология министрлері жіберілгенін хабарлаған.

Өткен айда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті биыл 15-21 маусым аралығында "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында 15 орман өрті тіркелгенін, жалпы аумағы 0,4 гектарды қамтыған өрт ошақтарының бәрі жедел анықталып, оқшауланып, толықтай сөндірілді деп хабарлаған.

Бұдан үш жыл бұрын, 2023 жылы жазда "Семей орманы" резерватында шыққан өрт салдарынан 15 адам (оның 14-і орман шаруашылығы қызметкері) қаза тауып, 60 мың гектардан астам орман жойылып кеткен еді. Ол жолғы өрттен келген залал 160 миллиард теңгеге бағаланды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Абай облысында "Семей орманы" резерваты өртеніп жатыр