Экс-президенттің жиені мен Алматының бұрынғы әкімінің қызы ең жас миллионерлер қатарына енді

Экс-президенттің жиені Нұрәлі Әлиев

Forbes Kazakhstan Қазақстандағы ең жас миллионерлердің тізімін жариялады. Тізімде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның ұлы, кәсіпкер Нұрәлі Әлиев те бар.

Журнал 41 жастағы Нұрәлі Әлиевтің байлығын 280 млн доллар деп бағалайды. Оның активтерінің арасында Дубайдағы Donatello Hotels and Resorts және Алматыдағы Donatello Boutique Hotel бар.

Тізімде Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтың қызы Айжан Есім де аталады. Журнал оның активтерін 207 млн доллар деп бағалайды. Ол “Қазфосфаттағы” үлесін сатқан.

Тізімде сонымен бірге оның бұрынғы күйеуі 44 жастағы Ғалымжан Есенов те бар. Журналдың мәліметінше, оның 564 млн доллар байлығы бар. Alatau City Bank бұрынғы иесі қазір Транстелеком компаниясындағы жанама үлесін сатып жатыр деп жазды басылым.

Ал 35 жастағы Шахмұрат Мүтәліп ең жас миллионер атанған. Оның есімі Integra Construction KZ байланысты. Журнал оның байлығын 482 млн доллар деп бағалайды.

Тізімде бұған қоса, Ресей тумасы, кейінгі жылдары Қазақстан азаматтығын алған Тимур Турлов та бар. 38 жастағы Турлов алдыңғы рейтинг жарияланғаннан бері бір жылда 600 млн доллар байлығынан айырылған, бірақ $5,2 млрд байлығы оған ең ауқатты қазақстандықтар арасында 6-орынды иеленуге мүмкіндік берген.

Журналдың жазуынша, Турловтың байлығының 70 пайызын "Фридомдағы" үлесі құрайды. Оның Қарағандыдағы "Сарыарқа" әуежайында, "Семей цемент зауыты", Tatler Kazakhstan журналы, "Шахтер" футбол клубында үлестері бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тимур Турловтың Freedom-империясы: ол қайдан келді, қалай байыды, артында кім тұр?