Былтыр әлемде 129 журналист пен медиа қызметкері қаза болды, бұл бұрын-соңды болмаған рекорд. Үштен екісі Израильде опат болды. "Журналистерді қорғау комитетінің" (Committee to Protect Journalists, CPJ) 25 ақпанда жарияланған есебінде осындай мәлімет айтылады. Есеп авторлары осылайша 2025 жыл баспасөз үшін ең қанды жыл болғанын айтады.
Әлем бойынша журналистерге шабуылды тіркеп отыратын Нью-Йоркте шоғырланған ұйымның жазуынша, 2025 жылы Израиль атқылауының салдарынан 86 журналист қаза болған, 31-і – Йемендегі медиаорталық қызметкері. Бұл құрбандардың саны жағынан "Журналистерді қорғау комитеті" тіркеген екінші қанды шабуыл.
Израиль сонымен бірге CPJ "қасақана адам өлтіру" ретінде саралаған 47 өлімнің 81%-на жауапты деп айтылады. Есеп авторларының айтуынша, Газада деректерді растау күрделі болғандықтан бұл сан одан да көп болуы ықтимал.
Израиль әскері Газадағы күштері тек қарулы топтарды ғана нысанаға алғанын, бірақ қақтығыс аймағындағы операциялардың қауіпті екенін мәлімдеген. Тель-Авив былтыр қыркүйекте Йемендегі медиаорталыққа соққы жасағанын мойындап, оны хуситтерді пропагандалаушы топ деп атаған.
Есеп авторларының айтуынша, 129 журналистің кемінде 104-інің қазасы соғыспен байланысты. Газа мен Йеменнен бөлек, журналистер үшін ең қауіпті елдердің алғашқы бестігіне Судан ( былтыр 9 журналист қаза болған), Мексика (6), Ресей (4 украин журналисі Ресей әскерінен қолынан қаза болған) және Филиппин (3) кіреді.
Журналистер ең көп қаза болған елдер.
Reuters-дің жазуынша, Ресейдің Вашингтондағы елшілігі CPJ-дің есебіне қатысты жауап бермеген, бірақ Ресей сыртқы істер министрлігінің "2014 жылдан бері Ресей ақпарат құралдарында істеген 60-тан астам адамның өліміне Киев жауапты" деген мәлімдемесін алға тартқан.
Ресей бұған дейін журналистерді қасақана нысанаға алғанын жоққа шығарған. Украина да ресейлік журналистерге шабуылдағанын терістеген.
Былтыр Украинада төрт журналист Ресейдің әскері жіберген дроннан қаза болған. Олардың арасында Олена Грамова және Евгений Кармазин де бар, олар Донецк аймағының шығысындағы Краматорскіде Украина мемлекеті қаржыландыратын Еркіндік атынан хабар таратып жүрген кезде қаза болған.