Ресей Қазақстаннан жанармай сұрап, өтініш айтқан жоқ, ал өтініш түссе жанармай экспорттау қаралады. 26 маусымда энергетика министрі Ерлан Ақкенженов журналистерге осылай деді.
"Ресей жағынан ресми өтініш түскен жоқ" деді Ақкенженов.
Оның сөзінше, мұндай өтініш түссе, мәселе "қаралады".
Украин дрондары Ресейдің энергетика инфрақұрылымдарына соққы жасап, елде отын тапшылығы туындаған шақта бұған дейін Reuters Ресей Қазақстаннан 50 мың тонна АИ-92 бензинін алу үшін келіссөз жүргізіп жатқанын жазған еді.
Дегенмен Reuters дереккөздері Қазақстан Ресеймен салыстырғанда бензинді аз шығаратындықтан көп бензин бере алмайды деген. Дереккөздердің сөзінше, Қазақстанда қазір бензин жеткілікті, бірақ Атырау мұнай өңдеу зауытында 26 маусым-20 шілде аралығында болатын жөндеу жұмыстары бензин қорын азайтуы мүмкін.
26 маусымда Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары басталғаны белгілі болды. Ресми ақпаратқа қарағанда, зауытта жөндеу жүріп жатқан кезде мұнай өнімдері алдын ала жиналған қордан алынбақ. Зауыттың қорында қазір 38 мың бензин, 31,3 мың тонна дизель, 6,8 мың тонна авиаотын бар.