Equality Now: Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда мүгедектігі бар әйелді зорлау азаймай отыр

Қазақстанда, Қырғызстанда және Өзбекстанда мүгедектігі бар әйелдер мен қыздарды зорлап, зомбылық көрсету кең таралған әрі көбіне көзге түспейтін құбылысқа айналып отыр. Бұл туралы Equality Now халықаралық құқық қорғау ұйымы дайындаған "Әділдік іздеу: қылмыстық құқық жүйесі және Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстандағы жыныстық зорлық істеріндегі мүгедектігі бар әйелдер" атты жаңа баяндамада айтылған. Құжат көпшілікке 8 желтоқсанда Астанада таныстырылды.

Зерттеушілер дерегінше, бұл елдердегі мүгедектігі бар әйелдер құқын қорғауға қол жеткізу мүмкіндігін шектейтін көптеген кедергіге тап болады.

"Жынысы мен мүгедектік бойынша жіктелген сенімді деректердің болмауы мәселенің нақты ауқымын бағалауды және негізі бар саяси шешім қабылдауды қиындатады", – деген зерттеушілер баяндамада.

Олар жүргізген бақылауға сәйкес, мүгедектігі бар әйелдер мен қыздар әртүрлі зорлық-зомбылыққа ұшыраған: зорлау, түсік пен стерилизация жасатуға мәжбүрлеу, ас-судан немесе дәрі-дәрмектен айыру, мәжбүрлеп ақысыз жұмысқа жегу, ерте жастан некеге отырғызу, адам саудасы. Психоәлеуметтік ақауы бар әйелдер әділдік іздеген кезде кемсітуге жиі ұшырайды – сот олардың айғақтарын сенімсіз деп қаперге алмайды.

Зерттеу авторларының айтуынша, зорлау мекемелерде, отбасы мен қауымдастық ішінде жасалады, ал мүгедектігі бар әйелдер мен қыздар немқұрайлыққа, қорлауға, жыныстық қанауға, ерте жастан некеге тұруға, "мейірбандықпен кісі өлтіру" деп сипатталатын қылмыстарға, жын иектеп алған деген айыптауға жиі тап болады және ас-судан қағылады.

"Осы істердің бәрі адамның қадір-қасиеті мен құқықтарын елеулі түрде бұзғанымен, бұл баяндамада ең ауыр әрі ең көзге түспейтін құбылыстардың біріне – зорлау және жыныстық зорлықтың өзге де түрлеріне – ерекше назар аударылады", – деп жазған авторлар. Баяндамада Орталық Азияның үш еліндегі қылмыстық құқық жүйелері мүгедектігі бар әйелдерге жасалатын жыныстық сипаттағы зорлық фактілеріне қалай әрекет ететіні талданып, олардың құқын қорғаудың тиімді құралдарына және сот әділдігіне қол жеткізуін қамтамасыз етуге қажет құқықтық және саяси шаралар қалай айқындалатыны қарастырылған.

Құжатта 2025 жылғы наурыз айында Қырғызстандағы "Равенство" атты үкіметтік емес ұйым елдің жеті өңірінде жүргізген сауалнама қорытындысы келтірілген. Мүгедектігі бар 150 әйелдің 93% (140 әйел) кемінде зорлық-зомбылықтың бір түріне тап болғанын, соның ішінде 27% (40 жағдай) зорлауға ұшырағанын айтқан.

"Қазақстан мен Өзбекстан бойынша салыстырмалы статистика әзірге жоқ, алайда сол есепке деп жиналған деректер бұл елдердегі мүгедектігі бар әйелдер де дәл сондай жоғары қауіп-қатерге тап болатынын көрсетеді", – деп жазған баяндама авторлары.

БҰҰ Халық қорының (United Nations Population Fund, UNFPA) "Біз шешім қабылдаймыз" бастамасы деректеріне сүйенсек, мүгедектігі бар қыздар арасында 18 жасқа толмай жатып жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны – 40 пен 68 пайыз аралығында. Ондай зорлық жасайтындар арасында отбасы мүшелері, жақын серіктері, қамқоршылары немесе жабық мекемелердің қызметкерлері бар деп көрсетілген.