Тым аз уақыт берілген, сөз бостандығы бойынша бұрынғы ұсыныстар орындалмаған, әкімшілік ресурсты орынсыз қолдану ықтималдығы жойылмаған. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) Қазақстанда жаңа Конституцияға қатысты референдумға дайындық туралы есебінде осындай қорытынды жасайды.
Бюроның Қажеттілікті бағалау миссиясы (Needs Assessment Mission) сарапшылары 17-20 ақпан аралығында Қазақстанның мемлекеттік органдарында болған және азаматтық қоғам өкілдерімен кездескен.
ДИАҚБ тұжырымы бойынша, референдумға дайындық қабылданған күнтізбе жоспарымен жүріп жатыр, бюллетеньдегі мәтін нақтыланған, сайлау комиссиясы мүшелеріне, қоғам өкілдері мен ақпарат құралдарына арнап онлайн және оффлайн тренинг бағдарламасы қабылданған. Орталық референдум комиссиясы «барлық сессиялары онлайн көрсетілетінін, медиа өкілдерінің сұрақ қоюына мүмкіндік беретін тұрақты брифингтер өткізілетінін» айтқан.
Дегенмен, бюро сарапшылары референдумға дайындыққа, сайлаушылардың жан-жақты ақпарат алып, таңдау жасауына аз уақыт берілгеніне ерекше назар аударған.
«ДИАҚБ Қажеттілікті бағалау миссиясы сөйлескен мемлекеттік мекемелердің көбі конституция реформасына ерекше қолдау білдіріп, оның артықшылықтары туралы ықыласпен айтты. Ал ДИАҚБ сөйлескен басқа адамдар жаңа Конституция әкелетін түбегейлі өзгерістердің ықтимал салдарына, констиуцияны әзірлеу процесінің ашық та инклюзив болмағанына, өзгерістер ауқымын ескерсек, сайлаушылардың конституция жобасының мазмұнына қатысты салмақты таңдау жасауына тым қысқа уақыт берілгеніне алаңдайтынын айтты», – делінген ұйым есебінде.
Бұған қоса ЕҚЫҰ сарапшыларымен сөйлескен адамдар жаңа конституция қабылданса, «атқарушы билік азаматтық кеңістікке қол сұғады», «адам құқықтары шектеледі», «билік институттарасындағы тепе-теңдік және тежеме жүйесі әлсірейді» деп алаңдайтынын жеткізген.
Жаңа конституция жобасын әзірлеушілердің айтуынша, негізгі заң тежеме және теңгерме жүйесін күшейтіп, суперпрезиденттік жүйеден арылуға мүмкіндік береді, парламенттің биліктің басқа тармақтарына ықпал ету мүмкіндігін арттырады.
«Еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған» деген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 ақпанда.
Конституцияны өзгерту бойынша президент құрып, құрамын өзі анықтаған конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімованың айтуынша, Конституция реформасы қоғамда жарты жыл талқыланған.
«Электронды платформаға азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылардан, заңгерлерден, саяси партиялардан, үкіметтік емес ұйымдардан, кәсіптік және бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан аса ұсыныс пен бастама келіп түскен».
Ал ЕҚЫҰ ДИАҚБ есебіне сенсек, «референдум науқаны лайықты түрде реттелмеген». Себебі «әкімшілік ресурсты орынсыз қолдануға жол бермеу, қарсы пікірлерді таратуға теңдей кепілдік беру және науқанды қаржыландыруды реттеу механизмдері қамтамасыз етілмеген», – делінген құжатта.
Бұған қоса сарапшылармен сөйлескен адамдар «қарсы пікір айтатындарға көп қысым жасалғандықтан, адамдар өздерін цензуралап», салдарынан жаңа конституцияға қарсы үгіт жүргізу науқанын ұйымдастыруға мүмкіндік аз деген.
Ал 26 ақпанда Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдаған Тоқаев науқанды өткізу барысында «ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етіп, бүкіл азаматтарға бірдей жағдай жасау керегін» айтқан еді.
ДИАҚБ сарапшылары мұның алдында өздері айтқан «референдумға шығарылған сұрақ бойынша сайлаушылардың жан-жақты, бейтарап, теңгермелі ақпарат негізінде көзқарасын қалыптастыруына мүмкіндік беретін инклюзив процесс жүргізуге жол ашатын заңдар қабылдау» жөніндегі ұсынысы орындалмағанын айтқан.
2022 жылғы 5 маусымдағы АЭС бойынша референдумнан кейін жасаған соңғы есебінде ЕҚЫҰ миссиясы 13 ұсыныс айтқан, соның 7-еуін өте маңызды деп атап көрсеткен. «Олардың көбі орындалмады» дейді миссия сарапшылары. Оның ішінде «бейбіт жиналу, пікір білдіру және ұйымға бірігу жөніндегі басты құқықтар, референдум әкімшілігінің тәуелсіздігі, кандидаттарға қойылатын талаптар, медиа және референдум нәтижелерін жариялауға қатысты талаптар» бар.
ДИАҚБ сарапшылары «уақыт аз берілгендіктен», 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге референдумды бақылау миссиясын емес, шағын құрамдағы референдумды бағалау миссиясын жіберу жөнінде шешім қабылдаған.
- Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызда өтеді.
- Ақорда конституциялық түзетулерді "жаңа тарихи дәуірдің талаптарына сәйкес мемлекетті қайта құру және қоғамдық сананы жаңарту" деп түсіндіреді. Конституция жобасында екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы парламент құрылатыны, Жоғарғы соттың, Конституциялық соттың, Ұлттық банктің, ҰҚК төрағасын, Бас прокурорды президент тағайындайды.
- Ал кейбір заңгерлер мен құқық қорғаушылар жоба президенттің билігін күшейте түседі, биліктің заң шығарушы тармағының рөлін төмендетіп, азаматтардың құқығын шектейді деп санайды.
- Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымына енетін Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы Конституция жобасы президент билігін күшейтеді деген пікірлерді жоққа шығарып, оларды "аңыз" деп атады.
- 16 ақпанда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгертулер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесіне және адамның негізгі құқықтарына қатер төндіреді, атқарушы билікті бақылау тетіктерін әлсіретеді және билікті президенттің қолына шоғырландырады деп мәлімдеген.