ERG менеджерлер кеңесінің жаңа құрамын бекітті. Оған Шахмұрат Мүтәліп те енді

ERG-дің жаңа менежджерлер кеңесі. Компанияның ресми сайтынан алынған скриншот.

Eurasian Resource Group (ERG) менеджерлер кеңесінің жаңа құрамын бекітті. Оған жуырда Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінің үлесін сатып алған кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп кірді.

Бұған қоса, президент әкімшілігінің жетекшісі Роман Скляр, “Самұрық-Қазына” басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов енген. Менеджерлер кеңесінің төрағасы болып Шухрат Ибрагимов қалды.

Жуырда Шахмұрат Мүтәліп Eurasian Resource Group-тың жалпы жиынтығы 39,3% пайызы акцияларын сатып алғаны белгілі болған. (18,6% – Патох Шодиев, ал қалған 20,7% Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі болған).

ERG-дің өзге акциялары мемлекет (40%) пен Ибрагимовтар отбасының (20,7%) иелігінде.

Eurasian Resources Group (ERG) — Қазақстанның түрлі салалары мен аймақтарындағы кәсіпорындарды біріктіретін ең ірі өнеркәсіп холдингтерінің бірі. Көп жыл бойы компания экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын "ескі гвардия" олигархтарының – Александр Машкевичтің (2025 жылғы наурыз айында қайтыс болған), Патох Шодиевтің және Әлижан Ибрагимовтың (2021 жылы қайтыс болған) бақылауында болды.

Бұған дейін ERG төңірегінде корпоративтік дау өрістеген. Машкевичтің қазасынан кейін оның мұрагерлері мен өзге де акционерлер активті басқаруға қатысты соттасып дауласқан еді.

Бұрын аты-жөні көпшілікке белгісіз болған 35 жастағы кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп Integra Construction KZ компаниясын сатып алғаннан кейін, ол компания монополист мердігер ретінде мемлекетпен миллиардтаған доллардың келісімшарттарын жасасты.

Мүтәліппен байланысы бар құрылымдар да Екібастұз ГРЭС-3 және Қашаған мұнай-газ кен орнындағы газ өңдеу қондырғылары құрылысын салу туралы келісімшарттар бекітті.

Бұдан бөлек Мүтәліп елдегі ең ірі үш алтын өндіру компаниясының бірі "Алтыналмасты" сатып алды. Бұл компания бұрын экс-президент Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа, содан кейін Kazakhmys Group компаниясына иелік еткен олигархтарға тиесілі болған.

Биыл Forbes Kazakhstan басылымы Шахмұрат Мүтәліпті алғаш рет ең бай кәсіпкерлер рейтингіне қосып, оның байлығын 482 миллион доллар деп бағалады.

Биыл 1 маусымда "Еуразия тобы" компаниясының бас директоры болып Integra Construction KZ бақылау кеңесінің төрағасы Құдырет (Кудрат) Шамиев болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ақорданың назары түскен кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп кім?