Эстония 1 желтоқсаннан бастап Ресеймен шекарасын кемі жарты жылға жабады

Эстония 2026 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Ресеймен шекарадағы көлік өткізу бекеттерін кемі алты айға жабады. Бұл шешім Эстонияның Украинаға дрон жеткізетін өндіруші компаниясына жасалған шабуыл талпынысынан кейін қабылданды. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Эстония үкіметінің мәлімдеуінше, шектеу Ресейдің Эстонияға және Еуропаның басқа елдеріне қарсы жалғасып жатқан «қастық әрекетіне» жауап ретінде енгізіліп отыр.

Шекараның Нарва, Койдула және Лухамаа бекеттері жабылады. Олар арқылы көлік те, жаяу жүргіншілер де өте алмайды. Екі ел арасындағы тіке автобус қатынасы да тоқтайды.

Бұған 14 қарашада әлдекімдердің Украинаға дрон жеткізетін Threod Systems компаниясының ғимаратын өртемек болған талпынысы себеп болды. Эстония арнайы қызметі шабуылды Ресей әскери барлауы ұйымдастырғанын мәлімдеді. Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен Латвияның сегіз азаматы ұсталған. Мәскеу бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Ресей 2022 жылы Украинаға басып кіргеннен кейін Эстония шекарадағы бақылауды біртіндеп күшейтіп келеді. 2026 жылы ақпанда екі өткізу бекетінің жұмыс уақыты қысқартылып, түнде жабылатын болған.

Эстонияның ERR қоғамдық телеарнасының мәліметінше, пандемия мен соғысқа дейін Ресеймен шекарадан жылына азаматтар 4–5 миллион рет кесіп өткен. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,1 миллионға дейін азайған.

Шекараның жабылуы әсіресе Нарва сияқты шекара маңындағы елді мекендердің тұрғындарына әсер етеді. Олардың кейбірінің туыстары Ресейде тұрады. Көрші Финляндия да 2023 жылғы желтоқсаннан бері Ресеймен құрлықтағы шекара бекеттерін жапқан.