Эстония билігі биыл тамыз айының ортасында Таллиндегі дрон өндіретін Milrem Robotics компаниясында шыққан өртті ұйымдастырды деп Ресейдің арнайы қызметін айыптады.
"Эстония қауіпсіздік полициясы жинаған ақпаратқа сүйеніп, 15 тамызға қараған түні Таллиндегі Milrem Robotics компаниясында шыққан өрт Ресей барлау қызметтерінің бұйрығымен ұйымдастырылған саботаж актісі болды деп сенімді түрде байлам жасауға болады", – деп жазды Эстония сыртқы істер министрі Маргус Цахкна X әлеуметтік желісінде.
Цахкна мұндай әрекеттерге жол беруге мүлде болмайды деп мәлімдеді. Сейсенбі, 29 қыркүйекте Эстония сыртқы істер министрлігі Ресейдің Таллиндегі уақытша өкілі Ленара Салимуллинаны шақыртқан.
Цахкна Таллиндегі "бұл саботаж актісі Ресейдің бүкіл Еуропа бойынша ауқымды науқанының бір бөлігі ғана" дейді. Оның сөзінше, мұндай әрекеттер Еуропа елдерін қорқытып-үркітіп, Украинаға қолдауын әлсіретуге бағытталған. Бірақ Эстония билігі Украинаны қолдауын жалғастырып, "басқыншылық соғысын тоқтатуы үшін" Ресейге қысымды күшейте береді деп мәлімдеді министр.
Milrem Robotics компаниясы құрлықта өздігінен жүретін THeMIS әскери машинасын өндіреді және Украинамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Компания өзі шығаратын өнімдерді жөнелтуге өрт әсер етпегенін мәлімдеген.
Компания ғимаратында өрт шығуына байланысты қозғалған іс бойынша, өртке қатысы бар деген күдікпен барлығы үш адам ұсталған, олардың екеуі Латвияда қолға түскен.
Цахкна олар енді елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіре алмайды деді.
Ресей билігі Эстонияның айыптауларына байланысты әзірге ештеңе айтқан жоқ.