Эстония Ресеймен шекарадағы барлық өткізу бекетін жаппақшы

Ресеймен арадағы шекара бекеті. Эстония, Нарва, 25 қаңтар, 2017 жыл,

Эстония 1 желтоқсаннан бастап Ресеймен шекарадағы барлық өткізу бекеттерінің жұмысын тоқтатуды жоспарлап отыр. Мұны Эстонияның сыртқы істер министрі Маргус Цахкна X әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, шекараны жабу – Таллинн Ресейдің бас барлау басқармасы (ГРУ) ұйымдастырды деп есептейтін диверсия әрекетіне қарымта шарасы болмақ.

"Ресей Эстонияға қарсы жасалған дұшпандық әрекеттердің жауапсыз қалмайтынын түсінуі тиіс. Шекара бекеттерін жабу Ресейдің Эстония аумағында дұшпандық әрекеттер жүргізу мүмкіндігін шектеп, санкцияларды бұзудың алдын алу қабілетімізді арттырады", – деп жазды Цахкна. Ол бұл шешім жөнінде Финляндия, Латвия және Литвадағы әріптестері хабардар етілгенін де айтты.

15 қарашада Эстонияда ұшатын дрон аппараттарын өндіретін Threod Systems кәсіпорнын өртеуге әрекет жасаған деген күдікпен Латвияның сегіз азаматы ұсталғаны жайлы ақпарат тараған. Кәсіпорынның қауіпсіздік қызметінің жедел әрекеті арқасында өрттің алды алынды деп хабарланды. Эстонияның Ішкі қауіпсіздік қызметінің бас директоры Марго Паллосон қарсы барлау қызметі бұл оқиғаға Ресейдің қатысы барын растағанын мәлімдеді. Ол бұл операцияны ресейлік ГРУ үйлестірген дейді. Ресей тарапы әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Бұл – биыл Эстонияның қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорнын өртеуге жасалған екінші әрекет. Бұған дейін, 15 тамыз, сенбіге қараған түні Таллинндегі Milrem Robotics зауытында өрт шыққан еді. Компания құрлықта жүретін әскери дрондар шығарады және Украинамен тығыз әріптестік орнатқан. Тамыздағы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталып, Эстония қастық әрекетін Ресей ұйымдастырды деп мәлімдеген. Ресей бұл айыптауды негізсіз деп жоққа шығарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Эстония Milrem Robotics ғимаратында болған өртке Ресейді айыптады