Еуроодақ елдері Ресейге қарсы 21-санкция пакетін өзара келісті

Еуропа одағына мүше елдердің елшілері Ресейге қарсы 21-санкция пакетін мақұлдады. Бұл туралы Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді.

Оның айтуынша, санкция ресейлік 32 банкке, криптовалюта компанияларына, мұнай саудасын жүргізетін платформаларға салынбақ.

"Нарықтағы дүрбелеңнен ресейлік әскери машина пайда көрмеуі үшін мұнай бағасына қойылған шекті деңгейді тағы бір жыл ұстап тұрамыз. Біз алғаш рет Ресейдің "тасадағы флотына" жәрдемдесетін кемелерді нысанаға алдық", – деп жазды фон дер Ляйен X әлеуметтік желісінде.

Бұған қоса ол Еуроодақ "ресейлік комбатанттардың Еуроодақ аумағына кіруіне ресми түрде тыйым салу бағытында маңызды қадам жасағанын" айтты.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас бұл пакетті "кейінгі төрт жылдағы ең ауқымды" санкциялар жиынтығы деп атады. Оның сөзінше, тізімге жиынтығы 218 позиция енгізілмек.

"Біз 100-ден астам банк пен криптовалюта операторына, Ресейдің "тасадағы флотының" 40-тан астам кемесіне және Мәскеуге соғысты жалғастыруға көмектесіп отырған Ресей мен Беларусьтегі бірнеше мұнай өңдеу зауытына соққы жасадық", – деп жазды Каллас X әлеуметтік желісіне.

Reuters агенттігі дипломатиялық дереккөздеріне сүйеніп жазған ақпаратқа қарағанда, жаңа пакетте Ресейдің сұйылтылған табиғи газын (СТГ) үшінші елдерге тасымалдау кезінде Еуроодақ аумағында қайта тиеуге бір жылдық жеңілдік қарастырылған. Бұл мерзім кейін автоматты түрде ұзартылуы мүмкін.

"Еуроодаққа мүше елдер Грекияға қолдау танытып, ынтымақтастық білдірді және Грекия да болашақта өзге елдерге солай жасайды деп күтеді", – деп мәлімдеді Еуроодақ дипломаттарының бірі.

Шілде айының ортасында Грекия Ресей СТГ-сын үшінші елдерге тасымалдауға тыйым салу көзделген 21-санкция пакетіне қарсы шыққан еді. Financial Times басылымының мәліметінше, Грекия миллиардер Георгиос Прокопиуға тиесілі Dynagas кеме компаниясының мүддесін қорғауға тырысқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Еуроодақтың санкциясына қазақстандық компания да іліндіЕО-ның санкциясына Қырғызстан да ілінді: шектеулер банк және криптоқұрылымды қамтидыЕуроодақ Ресейге қарсы 20-санкция пакеті бойынша келісімге келдіУкраина Волгоградтағы кәсіпорынға соққы жасадыАҚШ Киевті Қара теңіздегі мұнай нысандарына соққы жасамауға шақырды