Еуроодақ израильдік қоныстанушыларға санкция енгізбек. Израиль СІМ оны сынға алды

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас

Еуропа одағына мүше елдердің сыртқы істер министрлері Иордан өзенінің батыс жағалауындағы бірнеше израильдік қоныстанушыға және оларға қолдау білдірген ұйымдарға қарсы санкция енгізуді құптады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас санкциялар зорлық-зомбылыққа барған тұлғаларға қарсы енгізілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар санкциялар АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған және 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуылға жауапты деп есептейтін ХАМАС қозғалысының бірқатар жоғары лауазымды өкілдеріне де салынбақ.

Еуроодақтың аты-жөні аталмаған шенеунігі The Times of Israel басылымына ХАМАС мүшелеріне қарсы санкциялар енгізу Еуроодақтың бірнеше елінің басты талабы болғанын айтып, егер ол талап орындалмаған жағдайда израильдік қоныстанушыларға қарсы шектеулерді қолдауға келіспес еді деген.

Израильдік қоныстанушыларға қарсы санкциялар жобасы біраз уақыт бұрын ұсынылғанымен, Венгрия үкіметі, сол кездегі премьер-министр Виктор Орбанның басшылығымен, бұл бастаманы бөгеп келген. Будапештте үкімет ауысқаннан кейін санкциялар мақұлданды.

Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Еуроодақ шешіміне байланысты мәлімдемесінде: "Еуропа одағы бүгін Батыс жағалаудағы экстремистік әрі күштеп қоныстандыру саясатын қолдауға жауапты негізгі израильдік ұйымдарға және олардың жетекшілеріне санкция енгізіп отыр. Аса ауыр әрі жол беруге болмайтын бұл әрекеттер дереу тоқтатылуға тиіс", — деп жазды.

Алдын ала мәлімет бойынша, санкция тізіміне жеті жеке тұлға мен ұйым енгізілмек. Олардың аты-жөні мен атауы әзірге жарияланған жоқ, өйткені құжаттарды техникалық рәсімдеу және Еуропа кеңесі тарапынан формалды мақұлдау прцедурасы әлі аяқталмаған.

Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар ЕО шешімін сынға алып, израильдік азаматтар "саяси көзқарасы үшін" жазаланып жатыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қоныстанушылардың әрекеті заңды болып саналады және оларды ХАМАС өкілдерімен теңестіру қабылдауға келмейді.

Еуроодақ өкілдері санкциялар қоныстанушылардың бәріне емес, палестиналықтарға зорлық-зомбылық көрсеткен деп танылған нақты адамдар мен ұйымдарға бағытталғанын айтып отыр.

Иордан өзенінің батыс жағалауында, БҰҰ-ға мүше елдердің көпшілігі болашақ Палестина мемлекетінің Израиль басып алған аумағы деп есептейтін өңірде, шамамен 500 мыңға жуық еврей қоныстанушы тұрады (Израиль бұл аумақтарды ресми түрде "Иудея және Самария округі" деп атайды).

Кейінгі жылдары сол өңірдегі қоныстанушы саны да, олар мен палестиналық арабтар арасындағы қақтығыстар саны да өсіп келеді. Қоныстар мәселесі – Таяу Шығыстағы бейбіт реттеу процесіндегі ең даулы әрі негізгі мәселелердің бірі саналады.