Еуроодақ Ресей мұнайына шекті бағаны белгілеуді қарастырып жатыр

Еуропа одағы Ресей мұнайының шекті бағасын барреліне 44,10 доллар деңгейінде қалдыруды қарастырып жатыр, деп жазды Bloomberg дереккөздерге сүйеніп. Бұған дейін Еуроодақ шекті бағаны қайта қарамақшы болған.

Агенттіктің мәліметінше, бұған Таяу Шығыстағы соғыс пен Ормуз бұғазы арқылы тасымалдаудың үзілуіне байланысты әлемдік мұнай бағасының өскені әсер етіп отыр. Мұндай жағдайда бағаны автоматты түрде қарау механизмі мұнай баррелінің шекті мөлшерін шамамен 65 долларға дейін көтеруге әкелуі мүмкін – бұл осыған дейін "Үлкен жетілік" (G7) елдері Ресей мұнайының баррелі 60 доллардан болады деп келіскен шамадан көп.

Талқыланып жатқан нұсқалардың қатарында қазіргі баға деңгейін жылдың аяғына дейін сақтау немесе өсе қалған жағдайда барреліне 60 доллармен шектеу шарасы бар. Бұл шаралар маусым айының басында ұсынылады деп жоспарланған, Еуроодақтың Ресейге қарсы 21-санкциялар пакетіне енгізілуі мүмкін.

Брюссель бұған қоса Еуроодақ Мәскеуге санкциялардан жалтаруға көмектесіп отыр деп санайтын банктерге, мұнай трейдерлеріне, криптовалюта операторларына және үшінші ел компанияларына қарсы жаңа шектеулер енгізуді талқылап жатыр. Сондай-ақ шектеулерге Батыс санкцияларына қарамастан Ресей мұнайын экспорттауға пайдаланылатын "тасадағы флоттағы" шамамен 20 кемеге де салынуы мүмкін.