Еуроодақ өкілі Ресейге жаңа санкциялар салынатынын жариялады

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Мәскеудің Украинада басып алған аумақтарда сайлау өткізгені үшін Ресейге қарсы санкциялар салынатынын жариялады.

Мәлімдемеде Еуроодақ заңсыз ұйымдастырылған бұл "сайлауларды" айыптайтыны айтылған. Калластың сөзінше, бұл әрекетімен "Ресей БҰҰ жарғысына қоса халықаралық құқықты, сондай-ақ Украинаның тәуелсіздігін, егемендігін және аумағының тұтастығын тағы да өрескел бұзған".

"Украинаның уақытша басып алынған аумақтарында осы жалған сайлауларды ұйымдастыруға немесе кандидаттарды ұсынуға қатысқан, сондай-ақ Ресейде еркін және әділ сайлау өткізу мүмкіндігін бұзуға жауапты тұлғаларға санкция салынады", – деген Каллас.

Еуроодақ Ресейді Украинаның халықаралық қауымдастық заңды деп таныған шекарасы мен егемендігін құрметтеуге шақырған және Киев бақыламайтын аумақтарда сайлау өткізуді ешқашан мойындамайтынын мәлімдеген.

Ресейде 18-20 қыркүйек аралығында Мемлекеттік дума депутаттарын сайлауға дауыс беру өтті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала бағалауы бойынша, биліктегі "Единая Россия" партиясы Мемлекеттік думадағы 450 орынның 355-ін иеленіп, конституциялық көпшілік дауысқа ие болмақ. Бұған дейін "Единая Россия" партиясы ешқашан мұншама көп орын алып көрмеген.

Каллас бұл жолғы сайлау "Ресейде демократияның азып-тозуы жалғасып және тереңдеп бара жатқанын" көрсеткенін және соғысқа қарсы бағдарламасы бар "Яблоко" партиясының сайлаудан шеттетілуі "ресейлік сайлаушылардың таңдауын одан сайын шектегенін" атап айтқан.

Оның сөзінше, Мәскеудің бұл сайлауға ЕҚЫҰ бақылаушыларын шақырудан бас тартуы ЕҚЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттер қабылдаған міндеттемелерді Ресей "көпе-көрнеу менсінбегенін және ресейлік сайлаушылар мен институттарға бұл сайлауды бейтарап әрі тәуелсіз бағалауға мүмкіндік бермей отырғанын көрсетеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаев Путинді Ресей Мемлекеттік думасы сайлауы өтуімен құттықтадыЭкзит-полл: Ресей мемлекеттік думасына билікшіл бес партия өтіп тұрРесейдегі Дума сайлауын түсіндіретін 5 факт