Еуроодақ Ресейге қарсы санкцияның 21-пакетін қабылдады. Тізімде қазақстандық екі компания бар

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас

Еуропа одағы Украинаға кең ауқымды басқыншылық соғыс ашқан Ресейге қарсы санкциялардың 21-пакетін қабылдады. 23 шілде күні бекітілген шаралар ресейлік банктерге, криптовалюта желілеріне, мұнай трейдерлеріне, "тасадағы флотқа" және Ресейдің энергетика ресурстарынан түскен кірістеріне шектеу салуды көздейді. Санкция тізіміне жаңадан енгізілгендер арасында қазақстандық екі компания бар.

КЕЙІНГІ ТӨРТ ЖЫЛДАҒЫ ЕҢ ІРІ САНКЦИЯ ПАКЕТІ

Еуроодақ кеңесінің веб-сайтында жарияланған ақпаратта 21-пакеттегі қатаң экономикалық санкциялар "Ресей экономикасына және Украинаға қарсы басқыншылық соғысты жалғастыру мүмкіндігіне ең үлкен әсер ететін салаларға бағытталғаны" айтылған.

"Әрбір жаңа санкциялар кезеңімен біз Ресей экономикасына қысымды арттырамыз және Ресейдің заңсыз соғысын ұзарту мүмкіндігін шектейміз", – деген Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Калластың мәлімдемесі келтірілген.

Жаңа пакетке 170 ұйым және 48 жеке тұлға енгізілгені мұны Еуроодақтың кейінгі төрт жылдан бергі ең ірі санкциялар пакетіне айналдырып отыр деп хабарлады Reuters агенттігі.

Дербес санкцияға ілінгендер арасында Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярев, Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский, "Газпром-Медиа" компаниясының бас директоры Александр Жаров, "Ресей темір жолдары" компаниясының бас директоры Олег Белозеров, ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович, Safmar Group компаниясының негізін қалаушы Михаил Гуцериев, әнші Александр Маршал және "Система" компаниясының негізін қалаушының ұлы Феликс Евтушенков бар деп жазды ресейлік РБК.

Жалпы Еуроодақтың санкциялар тізіміне алынғандар саны, қазір жаңадан қосылған ұйымдар мен жеке тұлғаларды қоса есептегенде, 3 мыңға жуықтады.

Бұл жолғы шектеу шаралары Еуроодақ елдері Ресейдің осал қаржы жүйесіне қысымды күшейтуге тырысып жатқан шақта қабылданды. Бұған дейін Reuters агенттігі маусым айында еуропалық барлау қызметі Ресейдің банк жүйесіне дағдарыс қаупі төніп тұрғанын ескерткенін жазған.

Еуропа одағы кеңесінің веб-сайтындағы ақпаратта Брюссельдің бүгінгі қадамдары "Ресейдің жақында азаматтық инфрақұрылымға, соның ішінде энергетика, су және денсаулық сақтау мекемелеріне, сондай-ақ мәдени және діни орындарды әдейі нысанаға алып жасаған қатыгез әскери шабуылдарына жауап екені, ол шабуылдар бейбіт халыққа ауыр зардап әкелгені" айтылған.

Мәскеу Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс ашқалы бері ол елдің азаматтық нысандарына қасақана шабуыл жасағанын үнемі жоққа шығарып, тек әскери нысандарға және солармен байланысты инфрақұрылымға шабуыл жасайтынын айтып келеді.

Қаржы және банк салаларындағы қосымша санкцияларға активтерді бұғаттау және 94 банк пен ірі қаржы институтына қаражат беруге тыйым салу шаралары кіреді. Бұған қоса ресейлік тағы 33 қаржы-несие институты шектеуге ілінді. Сонымен қатар, санкциялардан жалтарғаны үшін бір қырғыз банкімен (Ресей банкінің қаржы хабарлама жүйесіне (СПФС) әсер ететін шараларға байланысты) және тағы үш шетелдік банкпен қаржы операцияларын жасауға тыйым салынды.

Кая Каллас жаңа санкциялар жүзден астам банк пен криптовалюта операторларына, ресейлік "тасадағы флот" құрамына кіретін 40-тан астам кемеге және Ресей мен Беларусьтегі бірнеше мұнай өңдеу зауытына бағытталғанын айтты. Тізімге Брюссель "ресейлік алысқа ұшатын дрондар өндірісінің негізгі қатысушылары" деп сипаттайтын 50-ден астам қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары да енгізілген.

САНКЦИЯ ТІЗІМІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОС КОМПАНИЯ

Қосарлы мақсаттағы тауарлар мен технологияларға байланысты экспорттық шектеу салынған компаниялар тізіміне жаңадан 51 ұйым қосылды. Олардың кейбірі үшінші елдерде: Біріккен Араб әмірліктерінде, Қытайда (Гонконгты қоса алғанда), Үндістанда, Түркияда және Қазақстан мен Қырғызстанда орналасқан.

Еуроодақтың жаңадан қабылданған санкция пакетінде Қазақстаннан "ТауКЗ" және "KБР-Технологии" деп аталатын екі компания жүр.

Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, 2023 жылғы 17 мамырда Астана қаласында тіркелген "ТауКЗ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ресми сайты: Taw.kz) түрлі машиналар мен құрал-жабдықтардың көтерме саудасымен айналысады. Adata.kz сайты дерегінше, "ТауКЗ" серіктестігі директоры әрі құрылтайшысы – Дархан Саматович Мураитов деген адам.

Еуроодақ санкциясына іліккен қазақстандық екінші компания – "KБР-Технологии" (KBR Tekhnologii) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022 жылғы 13 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы орталығы Петропавл қаласында тіркелген.

"Параграф" ақпараттық-құқықтық анықтама жүйесіндегі деректерде серіктестік басшысы – Диас Сакенович Тугунбаев деген адам екені, 2022-2024 жылдар аралығында компания 94 млн теңгеден астам салық төлемдерін төлегені және бюджетке берешегі жоғы жазылған. Серіктестіктің негізгі қызметі көтерме сауда деп қана көрсетілген, нақты қандай тауарлар мен өнімдер саудалайтыны белгісіз.

2024 жылы маусым айында АҚШ қазынашылық департаменті "KБР-Технологии" компаниясын ресейлік Ostec Group атты технологиялық әскери мердігер консорциумға тауарлар жеткізгені үшін санкция тізіміне қосқан.

Ал биыл өзгелермен бірге қазақстандық бұл екі компания Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне қолдау көрсеткені және қосарлы мақсаттағы тауарлар жеткізумен айналысып, халықаралық экспорт шектеулерін айналып өтуге септескені үшін Еуроодақтың санкция тізіміне ресми түрде енгізіліп отыр.

ГРЕКИЯНЫҢ ТАЛАБЫ

Украинаға басқыншылық соғысын жалғастырып отырған Ресейге қарсы Еуропаға одағының жаңа санкциялар пакеті, өзге жайттармен қатар, SpaceX компаниясының жер орбитасынан интернет қызметін ұсынатын Starlink жүйесіне балама ретінде әзірленіп жатқан ресейлік спутниктік байланыс жүйесіне қатысы бар құрылымдарға әсер ететіні айтылды.

"Еуроодақ Ресейді қатыгез басқыншылық соғысын тоқтатуға және әділ әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізу үшін мәнді келіссөз жүргізуге көндіру үшін оған қысым жасауды одан ары жалғастыруға және күшейтуге бейіл" дейді Брюссель.

Мұның алдында, 23 шілдеде Еуроодақ елдерінің елшілері Ресейге қарсы санкциялардың 21-пакетін қабылдауға өзара келіскені белгілі болған еді. Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ "нарықтағы дүрбелеңнен ресейлік әскери машина пайда көрмеуі үшін мұнай бағасына қойылған шекті деңгейді тағы бір жыл ұстап тұратынын" жазды X әлеуметтік желісінде. Бұған қоса ол "соғыс іс-қимылдарына қатысқан ресейліктердің Еуроодақ аумағына кіруіне ресми түрде тыйым салу бағытында маңызды қадам жасалғанын" айтқан.

Бастапқыда Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциясының 21-пакетіне ресейлік сұйылтылған табиғи газды үшінші елдерге тасымалдауға тыйым салуды енгізу көзделген еді. Бірақ бұған Грекия қарсы болды.

Грекияның талабы бойынша, құжатқа Еуроодақ компанияларына бір жыл бойы (автоматты түрде ұзарту мүмкіндігі қарастырылған) Ресейдің сұйылтылған табиғи газын кейіннен үшінші елдерге тасымалдауға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізілді. Ресейдің сұйылтылған табиғи газын тасымалдау қызметтеріне 1 қаңтардан бастап тыйым салу көзделген еді. Дегенмен аталған мерзімнен бастап Еуроодақта ресейлік сұйылтылған табиғи газ импортына бәрібір тоқтау салынбақ.

"Еуроодаққа мүше елдер Грекияға қолдау танытып, ынтымақтастық білдірді және Грекия да болашақта өзге елдерге солай жасайды деп күтеді", – деп мәлімдеді Еуроодақ дипломаттарының бірі.

  • Еуропаның сұйылтылған табиғи газды танкермен тасымалдау нарығында үстемдікке ие Грекия әлемде Жапония, Қытай және АҚШ-пен бәсекелесе алатын ірі ойыншы саналады. Биыл шілденің ортасында Грекия Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциясының 21-пакетін қабылдауға қарсы болды. Financial Times газетінің жазуынша, Афина грек миллиардері Джордж Прокопюге тиесілі Dynagas кеме компаниясының мүдделерін қорғауға тырысады.
  • Ресей билігі Батыс санкцияларын заңсыз деп атап, ел экономикасы жұмыс істей беретінін және түрлі шектеулерге "белгілі бір иммунитеті" қалыптасқанын мәлімдеген.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Еуроодақ елдері Ресейге қарсы 21-санкция пакетін өзара келісті