Еуроодақтың Ресейге қарсы 20-санкция пакетіне 120 жеке тұлға ілінген. ЕО үшінші елдердегі 16 ұйымға да қарсы санкция салды.
Арасында Қазақстанға қатысы бар компания мен тұлғалар да бар. Kursiv-тің жазуынша, санкцияға ілінген алматылық United Trading Group компаниясы 2022 жылы наурызда яғни, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін шамамен бір айдан кейін тіркелген.
Шағын компанияда бір ғана қызметкер істегенмен фирма төрт жылда бюджетке 111 млн теңге көлемінде салық төлеген. Бірақ дерекке қарағанда, компанияның жалғыз қызметкері елде бекітілген ең төменгі жалақы – 85 мың теңге алған.
Компанияның жалғыз құрылтайшысы әрі бірінші басшысы Әлімжан Бековке де шектеу қойылды. Ресми құжаттарда United Trading Group компаниясының нақты категорияға кірмейтін тауар түрлерін 2 мың шаршы метрден астам сауда орындарында сатумен айналысатыны көрсетілген.
Компания Қазақстан аумағы арқылы Ресей өнеркәсібінің қажеттіліктері үшін таза сутегі хлоридін жеткізуге көмектескен деген күдікке ілініп отыр.
Әлімжан Беков немістің UrSeCo Handels компаниясының де өкілі. ЕО дерегінше, химиялық тауар неміс зауытында өндіріліп, одан кейін Алматыға жеткізілген. Бұдан соң United Trading Group жүкті ресейлік Силтрон және Электронснаб компанияларына сатқан. Мұндай өнімді Ресейге сатуға санкциямен тыйым салынған.
Санкцияға мақта целлюлозасын импорттауға көмектескен ресейлік кәсіпкерлер Дмитрий Малюта мен Денис Шишкин де ілінген. Оларға тиесілі компаниялар аталған материалдарды Қазақстан мен Өзбекстаннан сатып алып, Ресейдің оқ шығаратын зауыттарына жеткізіп отырған.
Ресей 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кіргелі АҚШ пен Еуроодақ Мәскеуді санкциялық қыспаққа алды. Батыс елдері Кремльге санкцияны айналып өтуге көмектесті деген елдерге қосалқы санкция салатынын ескерткен. Қазақстан бұл санкцияларды ұстанатынын, бірақ Ресеймен экономикалық байланысы терең болғандықтан, екіжақты сауданы тоқтата алмайтынын айтып келеді. Түрлі журналистік зерттеулер Ресей қорғаныс мекемелері санкцияланған технологияларды Қазақстандағы заңды тұлғалар арқылы алдыртқанын әшкерелеген. Астана бұған қарсы шара қабылдайтынын айтқан.
Осыған дейін Еуроодақтың санкциясына Алматыда шоғырланған Kazstanex және "Металлстан" компаниялары ілінген еді. Оның алдында қазақстандық Elem group және DA Group компаниялары да ЕО санкциясына ілінген еді.