Украина мен оның ең жақын еуропалық одақтастары – Ұлыбритания, Франция және Германия – Ресеймен соғысты тоқтату туралы "әділ және ұзақ мерзімді" келісім жасасудың бес шарты бойынша келісті.
Жексенбі күні Лондонда Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Франция президенті Эммануэль Макрон және Германия канцлері Фридрих Мерц Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз өткізген. Кездесуден кейін бірлескен мәлімдемесінде Стармер, Макрон мен Мерц Украинаны "берік қолдайтынын" айтқан.
Мәлімдемеде бейбітішілікті реттеуде Еуропа маңызды рөл атқаратыны айтылған. Оған қоса, бұл процеске АҚШ қатысуы қажеттігі атап көрсетілген.
Британдық ВВС медиасының хабарлауынша, Лондондағы кездесу қорытындысы бойынша Украина, Ұлыбритания, Франция және Германия басшылары келіскен әділ бейбітшілік орнатудың бес шарты мынадай.
- Атысты дереу тоқтату. Путин соғыс қимылдарын толық доғаруға келісуі керек;
- Бейбітшілік келіссөздерінің бастапқы нүктесі қазіргі майдан шебі болуы керек. Шекараны күшпен өзгертуге болмайды және Украинаның одақ құруға (соның ішінде НАТО-мен) егемендік құқығы толық сақталуға тиіс;
- Қауіпсіздіктің берік құқықтық кепілдіктері. Бұл кепілдіктер атысты тоқтатудан кейін бірден күшіне енуі және Украинаға халықаралық күштерді орналастыруды қамтуы тиіс;
- Ресей соғыс салдарынан келген барлық шығынды өтегенге дейін оның шеттегі қаражаты бұғатталған күйінде қалады.
- Бейбітшілік туралы келісімде еуропалық қауіпсіздік мүдделері ескерілуі тиіс. Еуропа одағы мен НАТО-ға қатысты кез келген келіссөз Еуроодақ мен оған мүше мемлекеттердің, сондай-ақ НАТО одақтастарының келісімі болуын талап етеді.