АҚШ құпия қызметі агенттері мен Палм-Бич округі шерифі кеңсесі қызметкерлері Мар-а-Лаго резиденциясы аумағына заңсыз кірді деп күдікке ілінген ер адамды атып өлтірген. Бұл резиденция АҚШ президенті Дональд Трампке тиесілі.
Құпия қызметтің мәлімдеуінше, мылтыққа ұқсас зат пен жанармай құйылған ыдысы бар, жасы шамамен 20-дағы жігіт түнгі уақытта қатаң күзетілетін аумаққа рұқсатсыз кірген.
Баспасөз мәслихатында Палм-Бич округінің шерифі Рик Брэдшоу құпия қызметтің екі агенті мен шериф орынбасары күдіктіге жақындап, қаруы мен канистрасын тастауды бұйырғанын айтты. Күдікті қолындағы ыдысты жерге қойғанымен, мылтықты "кеземек болған" кезде агенттер оқ атқан, деді шериф.
Қаза тапқан адамның аты-жөні туыстарына ресми хабар берілгенге дейін жарияланбайды. Оның іс-әрекетінің себептері әзірге белгісіз. Оқиғаны АҚШ федералдық тергеу бюросы тексеріп жатыр.
The Guardian басылымы тергеушілер сөзіне сүйеніп, Солтүстік Каролина штатынан шыққан күдікті бірнеше күн бұрын хабар-ошарсыз кеткенін отбасы хабарлаған деп жазды.
Оқыс оқиға болған кезде АҚШ президенті Дональд Трамп зайыбымен бірге Вашингтонда Ақ үйде болған.