17 қазанда Францияда халықтың тұрмыс деңгейінің нашарлауына қарсы өткен наразылық кейбір жерде жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ішкі істер министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, наразылыққа қатысқан 1 200-ге жуық адам ұсталды. Полиция қызметкерлерінің 150-ге жуығы жарақаттанды.
Париж, Марсель және басқа да ірі қалаларда полиция мен наразылар қақтығысып қалды. Полиция наразыларға су шашып, көзден жас ағызатын газ қолданды. Ал тәртіпсіздікке қатысушылар полицияға Молотов коктейльдерін лақтырды.
Кейбір жерлерде тәртіпсіздіктер кезінде қымбат дүкендер де тоналды. Лимож қаласында XIX ғасырда салынған әкімдік ғимараты тұтас өртенді. Бордода да тарихи ғимарат отқа оранды. Лионда туристік ақпарат орталығынан өрт шықты.
BBC мәліметінше, Марсель, Лион, Гренобль, По, Монпелье, Тулуза және Валанста өрт қою мен тонау оқиғалары тіркелген. Авиньон, Лилль және Бордо қалаларында наразылар мемлекеттік мекемелердің ғимараттарына шабуыл жасады. Париждегі Республика алаңында наразылар мен полиция қақтығысты.
Франция президенті Эммануэль Макрон елде зорлық-зомбылыққа орын жоқ екенін мәлімдеп, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.
Сенбі күні бүкіл ел бойынша өткен шерулерге жүздеген мың адам қатысты. Әртүрлі бағалау бойынша, олардың саны 500 мыңнан 800 мыңға дейін жеткен.
Наразылар төмендегі мәселелерді шешуді талап етеді:
- бағаның өсуі
- жанармайдың қымбаттауы
- әлеуметтік салаға бөлінетін мемлекеттік қаржының қысқаруы
- қоғамдық қызметтердің нашарлауы
- полицияның күш қолдануы
- мектептер мен жоғары оқу орындарының ахуалы
- жұмыс орындарының аздығы
- Францияның шетелдегі аумақтарын қолдауға арналған субсидиялардың жеткіліксіздігі.
Қыркүйекте басталған оқушылар мен студенттердің наразылық акцияларына кәсіподақ белсенділері мен бұрынғы «сары кеудеше» қозғалысының мүшелері де қосылған. Шерулерге әсіре солшыл белсенділер де қатысқан.
Әсіре солшыл саясаткер, президенттікке үміткер Жан-Люк Меланшон тәртіпсіздіктерге полицияның да әрекеті түрткі болғанын айтса да, күш қолдануды айыптап, жақтастарын оған қатыспауға шақырды.
Оңшыл «Ұлттық бірлестік» партиясының жетекшісі Жордан Барделла 17 қазандағы оқиғаларды «әсіре солшыл терроризм мен қала маңындағы қылмыстық топтардың бірігуіне себеп болған жағдай» деп бағалады. Осы партиядан президенттікке үміткер Марин Ле Пен наразылардың күн тәртібін әсіре солшылдар өз бақылауына алғанын мәлімдеді.
Франция премьер-министрі Себастьян Лекорню азаматтардың бейбіт наразылыққа шығуға құқығы бар екенін айтты. Алайда оның сөзінше, «өрт қоюға, тонауға және шабуыл жасауға» жол берілмеуі керек.
«Ешкім өз саяси бағдарламасын күшпен танбауы керек» деді Лекорню.