Еурокомиссия Мәскеуді дәстүрлі банк жүйесінен тыс активтердің көмегімен санкцияны айналып өту мүмкіндігінен айыру үшін Ресеймен криптовалюталық транзакцияларға толық тыйым салмақ. Бұл жөнінде Еурокомиссияның ішкі құжаттарына сүйенген Financial Times жазды.
Материалға қарағанда, Брюссель Ресейде құрылған барлық криптовалюталық платформалардың жұмысына тыйым салмақ. Еурокомиссия өкілдерінің пікірінше, жекелеген компанияларды санкция тізіміне енгізуден нәтиже жоқ, себебі олардың орнын жаңа құрылымдар тез басады. ЕО өкілдерінің айтуынша, ресейлік криптоплатформалар Украинаға қарсы соғыста қолданылып жатқан тауар саудасында пайдаланылады.
Ұсынылып отырған шаралар криптоактив саласында қызмет көрсететін ресейлік компаниялармен кез келген әріптестікке тыйым салады, сонымен бірге криптовалютаны аудару немесе алмастыруда ресейлік платформаны пайдалануға шектеу қояды. Осылайша ЕО өкілдері санкция режимінің тиімділігін арттыруды көздеп отыр.
2025 жылы қазанда Еуроодақ Ресейге қарсы 19-санкция пакетін енгізген, сол кезде алғаш рет криптовалюталық платформалар мен цифрлық активтерге қатысты операцияларды қамтыған. Қазір Еуропа билігі Мәскеуге 20-санкция пакетін әзірлеп жатыр.
Еуропаның дипломатиялық ведомствосының жетекшісі Кая Калластың айтуынша, Ресейді Украинадағы соғысын аяқтауға мәжбүрлеу үшін Еуропа Мәскеуге бірқатар талапты алға тартуға тиіс және мұндай шешім қабылдау үшін "еуропалықтардың келісімі керек".
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп тараптар бірқатар шарттан бас тартуы керек деп мәлімдеген. ЕО өкілдері Ресеймен диалогта бірыңғай стратегия жоғын мойындағанмен Украина және АҚШ-пен қимылды үйлестіру қажеттігін атап өтеді.
Ал Ресей Еуропа жол беруге болмайды деген шартпен соғысты аяқтауды ұсынады.