БҰҰ кейбір агенттіктері ХАМАС радикал тобының бақылауындағы шағын анклавтағы "гуманитарлық апат" деп сипаттаған жағдайларды шолып шықтық.
ҮЙІН ТАСТАП КЕТУГЕ МӘЖБҮР БОЛҒАНДАР
БҰҰ-ның гуманитарлық кеңсесінің есебінше, Газа секторында тұратын 2,3 миллион адамның 1,4 миллионы үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың 700 мыңы БҰҰ-ның палестиналық босқындарға арналған лагерін паналап отыр.
Израиль ХАМАС тобы орналасқан Газаның солтүстігіндегі бейбіт тұрғындарды оңтүстікке кетуге шақырған. Бірақ Израиль оңтүстікке де ракетамен шабуылдап, бейбіт тұрғындар қаза тапты.
БҰҰ лагерьлерде орын жоғын, оларды паналаған адамдар жоспардан төрт есеге асып кеткенін айтады. Ондаған мың адам Газадағы ауруханаларда тығылып отыр.
АУРУХАНАЛАР
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Газадағы 35 аурухананың басым бөлігі жұмыс істеп тұрған жоқ, ал жұмыс істеп жатқандары электр энергиясынан тарығып отыр.
ДДСҰ Газадағы Түрік-палестина достығы ауруханасы жарық болмағандықтан жұмысын тоқтатқан дейді. Ол жерде қатерлі ісікке шалдыққан науқастар емделеді.
"Палестиналық азаматтық қорғаныс" ұйымының құтқарушылары жедел жәрдем көліктеріне жанармай болмағандықтан жаралы адамдарды ауруханаға есек арбамен тасуға мәжбүр.
КӨМЕК ЖЕТКІЗУ
БҰҰ-ның гуманитарлық агенттігі Египетпен шекарадағы Рафах өткізу бекетінен 1 қарашада гуманитарлық көмек артқан кемі 10 жүк көлігі өткенін мәлімдеді. 21 қазаннан бері Рафахтан Газаға гуманитарлық көмек тиеген 227 жүк көлігі өткені айтылды.
БҰҰ Газа секторының оңтүстігінен солтүстігіне гуманитарлық көмек жеткізу Израиль әскері Газаға жаяу әскерін кіргізген соң тоқтағанын мәлімдеді.
АУЫЗ СУ
БҰҰ-ның гуманитарлық агенттігінің хабарлауынша, Газадағы үш су құбырының біреуі 8 қазаннан бері алғаш рет іске қосылған. Теңіз суын тұщытатын екі құрылғы 40 пайызға ғана жұмыс істеп тұр. Кейбір тұрғындарға суды көлікпен тасып жатыр.
ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ
Құтқарушылар тобы ауруханалар мен наубайханаларды электрмен қамтамасыз ету, суды тұщыту үшін жанар-жағармай ауадай қажет деп дабыл қағып жатыр. Ал Израиль Газаға бензин өткізбей отыр. Тель-Авив бензинді ХАМАС тобы соғыс мақсатына қолдануы мүмкін дейді.