Геннадий Головкин украиналық "Миротворец" тізіміне енгізілді

Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин. Астана, 26 ақпан, 2024 жыл.

Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин украиналық "Миротворец" сайтының базасына енгізілді. Бұған ол басқаратын World Boxing ұйымының ресейлік боксшыларға халықаралық жарыстарға Ресей туын көтеріп, әнұранын шырқап қатысуға рұқсат бергені себеп болды.

"Миротворец" базасындағы жазбада Головкинге қатысты "Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығын және украин азаматтарын өлтіруін қолдады" деген анықтама берілген.

Головкиннің өзі әзірге бұл жөнінде ресми пікір білдірген жоқ.

Тамыз айының басында халықаралық World Boxing федерациясы Ресей спортшыларына бұрын енгізілген барлық шектеулерді алып тастады. Енді Ресей боксшылары барлық жас санатында халықаралық турнирлерге ұлттық рәміздерімен қатыса алады. World Boxing аясында 2028 жылғы Олимпиада ойындарының іріктеу жарыстары өткізілмек.

Ұйым мәлімдемесінде "атқарушы комитет ресейлік спортшылардың өзге ұлттық федерациялар өкілдерімен тең жағдайда жарысқа қатысатынын мойындады, алайда Ресей делегацияларының шаралар кезіндегі іс-әрекеті мен допингке қарсы талаптардың сақталуын қатаң бақылауда ұстайтын болады" делінген.

Ресейдің спорт министрі әрі Ресей Олимпиада комитетінің басшысы Михаил Дегтярев әлеуметтік желіде бұл шешім қабылданғанға дейін Ташкентте Геннадий Головкинмен кездескенін жазды. Оның айтуынша, кездесуде екеуі ресейлік спортшыларды халықаралық аренаға қайтару мәселесін талқылаған.

Биыл наурыз айында World Boxing ұйымының атқару кеңесі Ресей бокс федерациясын ұйымға мүше етіп қабылдауды мақұлдаған. Беларусь бокс федерациясына қатысты да осындай шешім қабылданды. Кейін World Boxing Халықаралық олимпиада комитетінен Ресей мен Беларусь спортшыларының жарыстарға қатысу шарттарына байланысты түсініктеме сұраған еді.

Головкин 2025 жылдың қарашасынан бері олимпиадалық боксқа басшылық ететін халықаралық World Boxing федерациясын басқарады. Ұйым әлем чемпионаттарын өткізіп, Олимпиада ойындарына жолдама беретін іріктеу жарыстарын ұйымдастырады.

Геннадий Головкин – 2004 жылғы Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері және 2002 жылғы әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы. 2022 жылға дейін ол кәсіпқой бокста IBF, IBO және WBA тұжырымдары бойынша орта салмақта (72,5 келі) әлем чемпионы атанды, 42 рет жеңіске жетіп, бір кездесуді тең аяқтап, екі рет жеңілген.

Головкин Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетін 2024 жылдан бері басқарып келеді. Былтыр желтоқсанда оның есімі Халықаралық бокс даңқы залына енгізілді.

"Миротворец" – 2014 жылдан бері жұмыс істейтін украиналық мемлекеттік емес ұйым. Сайт авторлары "Украинаның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы әрекеттерге қатысы бар" деп есептейтін адамдар туралы мәліметтер жариялайды. Сайттың ресми мәртебесі жоқ, алайда ол Украинаның құқық қорғау органдарының назарына ілінген тұлғалар жайлы ақпарат алмасатынымен де белгілі.

Бұған дейін "Миротворец" базасына Қазақстанның бұрынғы парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым да енгізілген. Сайттағы ақпаратта Сарымның "Украинаны қолдаған Қазақстан азаматтарын қылмыстық жауапқа тартуға бағытталған әрекетті жария түрде насихаттағаны" және "Ресей пропагандасының нарративін" таратқаны жазылған. Сарымның өзі мұны "күлкілі жайт" деп атаған.