Германия Қазақстаннан мұнай жеткізу тоқтаған соң шикізатты Оңтүстік Америкадан ала бастады

Польшадағы "Дружба" мұнай құбыры желісінің бір бөлігі. Құбыр операторы PERN компаниясының фотосы

Германиядағы PCK Schwedt мұнай өңдеу зауыты "Дружба" құбырымен қазақстандық шикі мұнайды жеткізу тоқтағаннан кейін шикізатты Оңтүстік Америкадан қабылдай бастады. Бұл туралы Польшаның Unimot энергетика компаниясы хабарлады.

Маусым айында теңіз жолымен Польшаның Гданьск портына шикі мұнай партиясы жеткізілген, содан кейін ол PERN басқаратын құбырмен PCK Schwedt мұнай өңдеу зауытына жөнелтілген.

Берлин мен Бранденбург аймағына қажет бензин, дизель және мазуттың шамамен 90% осы зауыт қамтамасыз етеді. Оған қоса Польшаның батыс өңірлеріне де отын жеткізеді.

Зауыт 2026 жылдың мамырына дейін ресейлік "Дружба" құбырымен жеткізілетін қазақстандық мұнайды өңдеп келді. Алайда биыл 1 мамырда шикізат жеткізу тоқтады. Ресейлік Transneft компаниясы бұдан әрі мұнай тасымалдау техникалық тұрғыдан мүмкін еместігін айтты.

Unimot компаниясы Оңтүстік Америкадан мұнай жеткізу шикізат өңдейтін зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және Германияның шығысы мен Польшаның батыс өңірлеріне отын жеткізу қауіпсіздігін нығайтуға көмектеседі деп мәлімдеді.

Қазақстан 2023 жылы Германияға мұнайды "Дружба" құбырымен жөнелтуді бастаған. Содан бері жылына 1,5 миллион тоннадан 2,1 миллион тоннаға дейін мұнай жөнелтіп келді. 2026 жылы мұнай экспортын шамамен 3 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Қазақстанның Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, бірінші тоқсанда Германияға 730 мың тонна мұнай жеткізілген, бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Бұған дейін Қазақстанның энергетика министрі ел PCK Schwedt мұнай өңдеу зауытының шикізатқа сұранысының 20-30 қанағаттандырып отырды деп мәлімдеген.