БАҚ: Германия сотталған ауғандықтарды еліне қайтаруды ұлғайтпақ

Полиция қызметкерлері мен мигрантов, Бавария, Германия (көрнекі сурет)

Германия билігі ауыр қылмыс жасаған ауған азаматтарын еліне депортациялауды күрт арттыруды көздеп отыр. Bild басылымы қауіпсіздік күштеріндегі дереккөздерге сүйеніп, Берлин осы мақсатқа жету үшін Ауғанстанды басқарып отырған "Талибан" әкімшілігімен тікелей техникалық байланыс орнатқан, деп жазды.

Журналистер дерегінше, Германия ішкі істер министрлігінің өкілдері көпшілікке жария қылмай, Кабул шенеуніктерімен "техникалық жұмыс деңгейінде" келіссөздер жүргізген. Оның нәтижесінде депортация бағдарламасы айтарлықтай кеңеюі мүмкін.

"Депортациялық әуе көпірі" деген бейресми атауға ие жоба Кабулға ұшатын чартерлік рейстер жиілігін айына үш ретке дейін көбейтуді көздейді. Салыстыру үшін айтар болсақ, Германия биылғы жылдың басынан бері іске асырған мұндай арнайы рейс саны үшеу ғана. Ақпан айында 20 ауғандық, сәуірде - 25, ал маусым айында тағы 32 Ауғанстан азаматы чартерлік рейспен еліне қайтарылды.

Бұл шараға аса ауыр қылмыстар, соның ішінде кісі өлтіру, зорлау және есірткі саудасы қылмысын жасағаны үшін сотталып, жазасын өтеп жатқандар, оған қоса барлау қызметтері Германияның ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді деп санайтын адамдар ілігетіні айтылып отыр.

Депортациялау туралы бастаманы федералдық аймақтың билік органдары қозғап, елден шығарылатындарды тасымалдауға федералды полиция жауапты болады. Bild басылымы қазір Германиядағы түрмелер мен мамандандырылған депортация орталықтарында шамамен 100-ге жуық адам отыр, оларды дереу депортациялауға құжаттары толық дайын деп жазды.