Германияның Саксония-Анхальт аймағындағы сайлауда оңшыл популистік партия озды

AfD оңшыл популистік партиясы Анхальт аймағы парламентіне депутат сайлауда жеңіске жеткенін жақтастарымен бірге тойлап жатыр. Германия, 6 қыркүйек, 2026 жыл.

6 қыркүйекте Германияның Саксония-Анхальт аймағындағы сайлауда "Германия үшін балама" (AfD) атты оңшыл популистік партия алғаш рет ірі жеңіске жетті. ARD медиа компаниясы жүргізген экзит-полл нәтижелері бойынша, сайлаушылардың 44,4 пайызы AfD-ны жақтап дауыс берген. Оның негізгі бәсекелесі, қазір ел билігінде отырған Христиан-демократиялық одақ (ХДС) пен Христиан-әлеуметтік одақ (ХСС) блогын сайлаушылардың 18,4 пайызы қолдаған.

Ал 5 пайыздық межеден өткен басқа партиялардың әрқайсысы алған дауыс үлеесі 10 пайыздан аспайды.

Сайлаудың ресми қорытындысы дүйсенбі, 7 қыркүйекте жарияланбақ. Ол да экзит-полл нәтижесімен бірдей болса, AfD партиясы Саксония-Анхальт аймағы парламентіндегі (Ландтаг) 83 орынның 39-ын иеленбек, яғни абсолют көпшілік дауысқа үш мандат жетпейді.

Егер абсолют көпшілік дауысқа ие болмаса, AfD аймақ парламентіндегі орын алған өзге партиялардың бірімен коалиция құруға мәжбүр болады.

Германияның басқа парламенттік партиялары 2020 жылдардың басында AfD партиясымен кез келген ынтымақтастықтан бас тартатыны жөнінде келісімге келген.

AfD партиясының теңтөрағасы Алиса Вайдель AfD "үкімет құруға нақты мандат" алады деп мәлімдеген.

Бақылаушылар бұл жолғы сайлауға қатысқан азаматтар саны рекордтық көрсеткішке жеткенін айтып жатыр: сайлаушылардың 76,5 пайызы дауыс берген. Мұндай жоғары көрсеткіш 1990-жылдан бері болмаған.

  • "Германия үшін балама" партиясы Ресеймен соғысып жатқан Украинаға қолдау көрсетуді тоқтатуды және Ресеймен жақындасуды жақтайды. Бұған қоса партия Германияның көші-қон саясатын қатайтуды және білім беру саласында консервативті стандарттар енгізуді талап етеді. Бұл партия тарапынан Еуропа одағынан шығу және еуродан бас тартып, қайтадан неміс маркасына көшу туралы үндеулер айтылған.
  • AfD Кремльден қаржы алды деген күдікке ілінген; оның депутаттары Ресейдегі іс-шараларға барып жүр, мысалы, Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумына немесе ресейлік билік партиясы "Единая Россия" өткізетін жиындарға қатысады.
  • 2023 жылы Конституцияны қорғау жөніндегі федералдық мекеменің шешімімен "Германия үшін балама" партиясының Саксония-Анхальт федералдық аймағындағы филиалы оңшыл экстремистік ұйымға жатқызылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Венгрия парламентін сайлау: Орбан мен Мадияр арасындағы таңдау"Оңтүстік Корея демократиясының әлсіз тұсы – суперпрезиденттік". Қазақстанның Сеулдегі бұрынғы елшісі Дулат Бақышевпен сұхбатЧили президентін сайлауда оңшыл консерватор Хосе Антонио Каст озды