Грузия жаппай блэкаут салдарынан жарықсыз қалды

Жарық өшіп, қараңғылық басқан Тбилиси көшесі. 23 шілде, 2026 жыл.

Бейсенбі, 23 шілде күні кешке Грузия астанасы Тбилисиде және басқа да елдімекендерде электр жарығы өшіп қалды.

Азаттық радиосы Грузин қызметінің хабарлауынша, Тбилисидегі аудандардың барлығында дерлік жарық бір уақытта өшкен. Жұрт мұндай болатыны жөнінде алдын ала ешкім хабарламағанын, не себепті жарық өшіп қалғанын біле алмай отырғанын айтқан.

Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, Тбилиси, Батуми, Кутаиси, Телави, Боржоми, Бакуриани, Зугдиди және басқа да қалалар жарықсық қалған.

"Кавказский узел" онлайн басылымының хабарлауынша, су тартатын станциялар жұмысы тоқтап, Тбилиси, Рустави және Мцхети тұрғындарына су болмай қалуы мүмкін деген ескерту айтылған. Электр қуатымен қамтамасыз ететін Georgian Water and Power компаниясы жарық "бүкіл елде өшкенін" растады деп жазды басылым.

Грузия билігі жағдайға байланысты түсініктеме берген жоқ.