Халық кеңесі сенаттың бұрынғы ғимаратына орналасты. Сыртына жаңа атауды іліп те қойған.
Осыған дейін құрамында 126 мүшесі бар консультативті органның тұрақты түрде істемейтіні, жылына кемінде бір жиыны өтетіні айтылған еді. Сессиядан бөлек, төралқа отырысы жарты жылда бір рет өткізіледі. Оның кезектен тыс жиындары да болуы мүмкін деп айтылады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық кеңесін билік пен халық арасында диалог орнататын консультативті орган ретінде құрған. Кеңес мүшелерінің бәрін президент тағайындайды. Бұл орган Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады әрі референдум тағайындау туралы бастама көтереді.
Бір күн бұрын оның алғашқы сессиясында төрағасы болып бұрынғы мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сайланды. Оның кандидатурасын Тоқаев ұсынды. Кеңес мүшелері қолдады.
Халық кеңесінің жұмысына жылына бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінбек. 1,7 млрд теңгеге Халық кеңесінің мүшелерінің жалақысы, жұмыс ұйымдастыру, іссапарлар мен іс-шаралардың шығыны, қоғамдық тыңдау шығындары кіреді.
Парламент кешеніндегі бұрынғы мәжіліс, қазіргі құрылтай ғимараты 2004 жылы салынған, ал сенат ғимараты 2006 жылы пайдалануға берілген. Мемлекеттік БАҚ-тың жазуынша, сенат ғимаратының сметалық құны 2,6 млрд теңге болған. Құрылыс Сауд Арабиясының гранты есебінен қаржыландырылған деп айтылады.