Халықаралық қылмыстық сотқа қатысушы елдер Карим Ханды бас прокурор қызметінен шеттетуді қолдап, дауыс берді. Бұл жөнінде әуелі екі дипломатиялық дереккөзге сүйенген Reuters жазды. Олардың айтуынша, шешімді 125 елдің 82-сі қолдаған. Бірақ нақты қандай елдер қолдағаны айтылмайды.
Кейін ақпаратты Халықаралық қылмыстық соттың өзі растады. Соттың хабарламасында прокурордың "қызметтік лауазымын атқару кезінде ірі тәртіп бұзғаны" жазылған.
Ханға қарсы 2024 жылы жыныстық бопсалау бойынша айып тағылған. Осы жайт шешімге түрткі болған. Ханның өзі тағылған айыпты мойындамайды. 2025 жылы мамырда ол демалысқа кетті, 2026 жылдың маусымында оның өкілеті тергеу аяқталғанға дейін тоқтатылған еді.
Хан тұсында Халықаралық қылмыстық сот бірнеше резонансты ордер шығарды. 2023 жылы наурызда сот Ресей президенті Владимир Путин мен балалар омбудсмені Мария Львова-Белованы тұтқындау туралы ордер шығарды. Путин мен Львова-Беловаға Киевтің бақылауынан шығып қалған аймақтан украин балаларды заңсыз тасымалдады деген айып тағылды.
2024 жылы қарашада Халықаралық қылмыстық сот Израильдің премьері Биньямин Нетанияху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галланды тұтқындау туралы ордер шығарған. Оларға Газа секторындағы соғысқа байланысты әскери қылмыс пен адамзатқа қарсы қылмыс бойынша айып тағылды.