Халықаралық шахмат федерациясы Ресейдің ұйымға мүшелігін уақытша тоқтатты

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) президенті Аркадий Дворкович

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) кеңесі Ресей шахмат федерациясының (RCF) ұйымға мүшелігін уақытша тоқтатты. Бұл туралы аққпарат ұйымның веб-сайтында жарияланды.

Ұйым мұндай шешім Спорттық арбитраж сотының (CAS) қаулысын ресейлік ұйым белгіленген мерзімде орындамағандықтан қабылданғанын, әйткенмен ол ресейлік шахматшылардың турнирлерге қатысуына шектеу қоймайтынын атап көрсеткен. Баспасөз хабарламасында FIDE кеңесі "жеке шахматшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға деген міндеттемесіне бейіл екенін" тағы да растаған.

RCF президенті Андрей Филатов адвокаттар FIDE шешімін қайта қарай бастағанын мәлімдеді. "Егер біз мұны істеуге негіз тапсақ, Кеңестің шешіміне шағымдану құқығын өзімізде қалдырамыз. FIDE кеңесінің CAS шешімін орындауға және бұл шешімді қабылдауға мәжбүр болуы, әрине, өкінішті, бірақ бұл біз үшін тосынсый емес", деді ол.

2026 жылдың наурыз айында Спорттық арбитраждық сот Украинаның Ресей шахмат федерациясына (РШФ) қарсы Украинаның Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье облыстарының оккупацияланған аумақтарындағы, сондай-ақ аннексияланған Қырымдағы Ресей шахмат федерациясының қызметіне қатысты шағымын ішінара қанағаттандырған еді. Шешімді орындауға 90 күн берілді.

2022 жылдың наурыз айында Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық соғыс ашқаннан кейін FIDE ресейлік шахматшылардың ойындарға қатысуын шектеді. Оларға бейтарап ойыншы ретінде (FIDE туы астында) жарыстарға қатысуға рұқсат берді, бірақ командалық жарыстардан шеттетілді. 2025 жылдың қарашасында FIDE Украина мен бірнеше еуропалық федерациялардың наразылығына қарамастан, шахматтан Ресей әйелдер құрамасына FIDE туы астында әлем чемпионатына командалық сайыстарға қатысуға рұқсат берді. Ал 2025 жылдың желтоқсанында Халықаралық шахмат федерациясы Ресей құрамасының турнирлерге оралуын қолдады.

Халықаралық шахмат федерациясын Ресей үкіметінің бұрынғы вице-премьер-министрі Аркадий Дворкович басқарады. Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін америкалық Mother Jones журналына берген сұхбатында Дворкович "кез келген соғысты, соның ішінде бұл соғысты да" айыптап, "Украинаның бейбіт тұрғындары, соның ішінде өмірі қауіп-қатер астында қалған, соғыс кезінде шахмат ойнауға, тіпті ол жайлы ойлауға мұршасы жоқ көптеген ойыншылар ойынан шықпай жүргенін" айтқан. Ал Дворковичті сынайтындар ол шын мәнінде Кремльмен байланысын үзген жоқ дегенді алға тартады. Оның аты-жөні Еуроодақтың Ресейге қарсы салған санкцияларының 21-пакеті жобасында бар деген ақпарат болған.