Халықаралық ұйымдар Астананы тұрмыстық зорлық-зомбылықты жеке қылмыс ретінде тануға шақырды

Көрнекі сурет.

БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты алалауды жою жөніндегі комитеті (CEDAW) Қазақстанды тұрмыстық зорлық-зомбылықты жеке қылмыс ретінде танитын жаңа заң қабылдауға шақырды. Халықаралық Human Rights Watch ұйымының жазуынша, 6 қазанда комитеттің есебін қарауы кезінде қазақстандық делегация тиісті заң қабылдауға уәде берген. Бұл жөнінде Human Rights Watch ұйымының 14 қазан күнгі мәлімдемесінде айтылады.

Ұйым қыркүйектің соңында болған қайғылы оқиғаны келтіреді.

“23 қыркүйекте Қазақстан астанасында екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы күйеуі 16 рет пышақтап қаза болды. Жазираның отбасы ақпарат құралдарына оның полицияға бірнеше рет қорқыту мен зорлық-зомбылық туралы хабарлағанын айтты. Бұрынғы төрт полиция қызметкері оның ісін қарауда салғырттығы үшін тергеліп жатыр” деп еске салды ұйым.

“Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арнайы заң жоқ, ал кейінгі реформалар тұрмыстық зорлық-зомбылықты жеке қылмыс ретінде бекіте алған жоқ. 2009 жылғы Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң күшін жойып, оның орнына наурызда күшіне енген «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң қабылданды. Жаңа заң тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кең ауқымды шаралар аясында қарастырады” деп хабарлады HRW.

Ұйымның мәліметінше, баяндама талқыланған кезде Қазақстан делегациясы «зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу қағидаты жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі ұстанымына айналды» деп мәлімдеген. Бұған қоса, делегация 2024 жылы Қазақстанда мұндай қылмыс жасағандарға “заң алдындағы жауапкершілік күшейтілгенін” тілге тиек еткен.

Соған қарамастан, БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты алалауды жою жөніндегі комитетінің (CEDAW) сарапшылары қолданыстағы шаралардың тиімділігіне күмән келтірді. Ал комитеттің Қазақстан бойынша баяндамашысы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлі күнге дейін Қылмыстық кодексте жеке қылмыс ретінде қарастырылмайтынын атап өтті.

«Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықты жеке қылмыс ретінде қарастыратын заңнамалық өзгерістер енгізіп, қорғау нұсқамаларын қолдану тетігін жетілдіруі әрі күшейтуі қажет. Сондай-ақ қабылданған шаралардың тиімділігін қамтамасыз етіп, кінәлілерді жауапқа тарту және зардап шеккендердің сот төрелігіне қол жеткізуіне, қажетті қызметтерді алуына жағдай жасауы тиіс» деп атап өтті Human Rights Watch (HRW) ұйымы.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, Қазақстан билігі зорлық-зомбылық асқынып, ауыр зардаптарға немесе адам өліміне әкелмес үшін әйелдерді нақты қорғау шараларымен және қажетті көмектен қамтамасыз етуі керек.