Иранда бірнеше күнге созылатын Әли Хаменеимен қоштасу рәсімінің алғашқы күндері Иран көсемі, Әли Хаменеидің ұлы Мұжтаба Хаменеи көрінбеді.
AFP агенттігі 5 шілдеде Әли Хаменеидің ұлдары Мейсам, Масуд және Мұстафаның жаназаға тұрған жұрттың алдыңғы қатарында тұрған суретін жариялады.
Әли Хаменеидің Мұжтабадан бөлек, үш ұлы мен екі қызы бар.
Хаменеидің ұлдары (солдан оңға қарай): Мейсам, Масум және Мұстафа.
Қоштасу рәсімі Тегерандағы Гранд Мосалла мешітінде өтіп жатыр. Ол жерге 28 ақпанда АҚШ-Израильдің Иранға жасаған соққысы кезінде қаза болған Әли Хаменеи мен сол күні қаза болған отбасының тағы төрт мүшесінің сүйегі бар табыт қойылған.
Жұрт жаназа өтетін Мосалла мешітіне ағылып жатыр. Билік рәсімге 20 миллионға дейін адам қатысатынын мәлімдеген.
Reuters-тің жазуынша, 4 шілдеде мешіттің ауласында отырғандардың көбі кеуделерін ұрып, еңіреп жылаған, кейбірі Иранның туын ұстап алған. Құлшылық ету залынан "Америкаға лағнет!" деген дыбыстар естілген.
Иран ақпарат құралдарының жазуынша, Хаменеимен қоштасуға жиналған жұрт "кек! кек!" деп айқайлаған.
Иран үкіметінің хабарлауынша, 5 шілде ирандықтардың "көптеген өтінішіне" орай ресми түрде демалыс күні болып жарияланбақ.
Мешіт маңында сақшылардың қалың шоғыры байқалған. Тәртіпсіздік күрес полициясы және өзге де күштік құрылым жасақтары аумаққа әкелінген.
Мосалла мешіті маңындағы жолдар рәсім басталмай тұрып жабылған. Ақпаратқа қарағанда, билік қоштасу рәсімі өтетін орыннан бір шақырым аумақта көлік құралдарын қоюға тыйым салған.
Әли Хоменеймен қоштасу рәсімі. 4 шілде 2026 жыл.
Иранда Әли Хаменеи басқарған 36 жылда ірі қолбасшылар мен діни тұлғалар қайтыс болған кезде қаралы жұртты Хаменеидің өзі бастап жүретін. Бірақ бұл жолы 5 шілдеде оны кім бастап жүретіні белгісіз. 6 шілдеге де ірі шеру жоспарланған.
Иран көсемі Мұжтаба Хаменеи әкесі мен әйелі қаза болған шабуылдан жарақат алғалы бері жұрт алдына шыққан жоқ.
Мосалла мешітіндегі Әли Хаменеимен қоштасу рәсіміне жиналған жұрт. 4 шілде 2026 жыл.
Тегераннан кейін Хаменеидің сүйегі Құм қаласына, одан соң көрші Ирактағы Бағдат, Кербела мен Наджафқа жеткізіліп, көп алдына қойылады. Бұдан соң ол 9 шілдеде Иранның солтүстік-шығысындағы марқұмның туған қаласы Мешхедте жер қойнына тапсырылмақ.
Рәсім тәртібі мен қауіпсіздікке қатысты күмән
Әли Хаменеимен қоштасу рәсімі төңірегіндегі ең бір назар аударарлық сұрақтардың бірі оның ұлы Мұжтаба жұрт алдына шыға ма, жоқ па, деген сұрақ.
Сарапшылар арасында бұған қатысты біржақты жауап жоқ: бір жағынан рәсім тәртібі оның қатысуын талап етеді, екінші жағынан алғанда қауіпсіздікке қатысты мәселелер жағдайды бұлыңғырлата түседі.
Ислам революциясының негізін қалаушы Аятола Хомейни, соққы кезінде қаза болған Әли Хомейни және оның ұлы, қазіргі Иран көсемі Мұжтаба бейнеленген плакат маңынан өтіп бара жатқан жұрт. 3 шілде 2026 жыл.
Азаттықтың Иран қызметі – Фарда радиосына берген сұхбатында құқық қорғаушы Тахи Рахман бұл мәселе мұрагерлік рәсімінің негізгі талаптарымен байланысты екенін айтты.
"Болашақ көшбасшы бұрынғы көшбасшының табыты маңында құлшылық жасауға тиіс және осылайша заңды мұрагерлік күшіне енеді. Сол себепі Мұжтаба Хаменеидің қатысу мәселесі көтеріліп отыр" деді Рахман.
"Жаназаға жаңа көсем қатысады деп ойлайсыз ба?" деген сұраққа Рахман "қатысу мүмкіндігі жоғары, бірақ соғыс жағдайында қауіпсіздік мәселесі мемлекеттің Мұжтаба Хаменеидің қатысуымен ірі жаназа өткізу ниетінен басым түмуі мүмкін" екенін атап өтті.
"Олар көп адам қатысатын ірі жаназа өткізгісі келеді. Жаназаның ірі болуы режим үшін өте маңызды" деді Рахман. Бұл Иранға соғыстан кейін өз жағдайын қалпына келтіру үшін қажет.
Ұлыбританияда тұратын саяси сарапшы Бабак Дорбейки бұл сұраққа жауап беруге болатындығына күмән келтіреді.
"Білмеймін. Шынымды айтсам, біріншіден, ол адамның барына немесе денсаулығы жақсы екеніне сенімді емеспін" деді ол Фарда радиосына.
Дорбейки сол себепті Мұжтаба көп алдына шықпаса, таңғалмайтынын жеткізді.
"Егер ол шынымен бар болса, оның қатысқаны сондай ғажап нәрсе немесе біртүрлі деп есептемеймін" деді ол. Бірақ оның қатысуын немесе қатыспауын мұрагерліктің белгісі ретінде қабылдаудан да аулақ болуға шақырды. Жағдай бәрібір саяси есеп емес, қауіпсіздік мәселесіне қатысты болмақ.
"Мұжтаба Хаменеидің қатысқанынан немесе қатыспағанынан қандай да бір саяси мағына іздеу мүмкін емес. Себебі бұл оқиғада қауіпсіздік өлшемі саяси өлшемнен гөрі маңыздырақ болып тұр" деді ол.