Трамп және Иран. Диссиденттер түрмесі болған Харк аралы қалайша мұнай терминалы атанды?

Iran -- Kharg Island

Парсы шығанағындағы маржан арал Иран мұнайын экспорттау орталығына қалай айналды және Тегеранға қарсы соғыс бастаған АҚШ пен Израиль оны неліктен нысанаға алып отыр?

АҚШ президенті Дональд Трамп 30 наурыз күні Иран сес көрсетіп, Тегеран Израильге және Таяу Шығыстағы америкалық базаларға соққы жасауын доғармаса, Харк аралын "толықтай жоямыз" деді.

Ақ үй басшысының бұл сөзі осы аралдың Иран экономикасы мен әлемдік энергетика нарығындағы рөліне назар аудартты.

Харк аралының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан қоныстағы орталық көше. 2022 жыл

Иран мұнайының 90 пайызына жуығы осы Харк аралынан тасымалданады және оның негізгі бөлігі Қытайға кетеді. Аралдағы инфрақұрылым Иранның соңғы шахы кезінде салынған.

Харк аралының жағалауы. 1950 жылдары түсірілген сурет. Бұл кезде арал әлі мұнай экспорты орталығына айналмаған.

1800-жылдары Харк аралын орналасқан жері мен табиғи су қорының болуына қарай "Парсы шығанағындағы маңызды стратегиялық бекет" деп сипаттаған.

1950 жылдары Иран шахына қарсы шыққан диссиденттер осы аралға айдалатын. Кейінірек Харк аралында мұнай экспорты терминалын соғу туралы шешім қабылданды.

Харк аралындағы жартасқа ойылып жасалған көне қабір.

Күнге күйген маржан арал ішкі Ираннан 31 шақырым жерде орналасқан. Арал айналасындағы су терең, жағасындағы ағыс қатты емес. Аралдың осы қасиеті оны мұнай терминалына айналдыруға қолайлы еткен.

Танкерлер арал түбіне оңай тоқтап, мұнай тиейді. Одан кейін танкерлер Ормуз бұғазы арқылы ашық теңізге шығып, әлемдік нарыққа мұнай жеткізеді.

Харк аралындағы мұнай құбырларын салу кезі. 1970 жылдар

Иран жазушысы Жалал әл-Ахмад аралға мұнай орталығы енді салынып жатқан кезде барып, Иран және Батыс инженерлері басқаратын машиналар "ескі Харкті жер бетінен өшіріп жатыр" деп жазған.

Харк аралының шығыс жағалауында тұрған мұнай танкерлері. 1960 жылдар.

Ішкі Ирандағы мұнай су астына төселген құбыр арқылы 37 шақырым өтіп, Харк аралындағы резервуарларға түседі. Ол резервуарлардың әрқайсысына 1 миллионға дейін баррель сыяды.

Аралдың географиялық ерекшелігі мұнайдың өз жолымен танкерлерге ағуына мүмкіндік береді. Ешқандай сорғы жүйелерін қажет қылмайды.

Харк аралының батыс айлағы терең суға салынған. Ол ірі мұнай танкерлерін қабылдай алады.

Аралдағы мұнай инфрақұрылымының құрылысы 1959 жылы басталып, 1970-жылдарға дейін жалғасқан. Сол жылдары "теңіз аралы" (жоғарыда тұрған суреттегі) құрылысы аяқталды. Бұл құрылым ірі танкерлерге мұнай тиеуге жол ашты.

Иран ұлттық мұнай компанияларының қызметкерлеріне арналған жағажай. 1970 жылдар.

1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Харк аралындағы нысандарды Иранның жаңа билігі басып алды. Ол нысандарды ішінара америкалық алпауыт мұнай компаниясы – Amoco басқаратын.

1990 жылы Тегеран Amoco компаниясына Харк аралындағы мұнай инфрақұрылымын басып алғаны үшін жарты миллиард доллардан астам өтемақы төлеген.

Ормуз бұғазына кіреберісте Иран әскери кемесінің шабуылынан өртке оранған мұнай танкері. 1987 жылғы желтоқсан.

1984 жылы Ирак күштері Иран-Ирак соғысы аясында Харк аралындағы нысандарға соққы жасап, әлемдік мұнай нарығын дүрліктіріп жіберді. "Танкерлік соғыс" басталып, қос тарап та мұнай тасыған кемелерге шабуылдады. 1980 жылдары Ирак әскері Харк аралындағы нысандарды "толықтай дерлік жойған".

Харк аралындағы құбырлар мен мұнай қоймалары. 2017 жыл.

Иран-Ирак соғысынан кейін аралдағы инфрақұрылым қалпына келтіріліп, кеңейтілді. Аралда күн сайын 1,5 млн баррель шамасында мұнай тиелетін болды. 2026 жылғы сәуірдегі мұнай бағасына қарағанда, оның ақшалай көлемі – 172 млн доллар.

Харк аралындағы нысанның 25 ақпан (жоғарыда) және 14 наурыз күнгі суреттері. Осы аралықта АҚШ аралдағы әскери нысандарға шабуылдағанын мәлімдеген.

АҚШ Харк аралындағы әскери нысандарға соққы жасап, 13 наурызда Трамп: "Біз аралдағының бәрін жойдық, тек мұнай орналасқан аудан ғана қалды..." деген.

Мына фотода 13 наурыздағы шабуылдан соң ішкі Ираннан Харк аралына пароммен барғалы жатыр деген ирандық жұмысшылар бейнеленген.

Бүгінде аралда сегіз мыңға тарта адам тұратын. Аралды Ислам революциясы сақшылары корпусы күзетеді.

Сарапшылардың айтуынша, Тегеран Харк аралындағы мұнай нысандары арқылы жыл сайын ондаған миллиард доллар пайда көріп отыр, сол себепті ондағы мұнай инфрақұрылымына соққы жасалса, Иран режимінің өмірі қиындай түспек.

Харк аралындағы жабайы табиғат.

Алайда мұндай соққы әлемдік нарықта онсыз да бағасы артып жатқан мұнайды одан әрі қымбаттатуы ықтимал.