Харьков облыстық прокуратурасы 27 қаңтарда кешке Харьков облысында Ресей әскері жолаушылар пойызына соққы жасағанын, оқиға орнында кемінде 5 мәйіт табылғанын хабарлады.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский жолаушылар пойызына жасалған соққыдан кемінде төрт адам қаза болғанын айтқан еді. Тағы төрт адам іздестіріліп жатыр, екі адам жарақаттанған деді президент. Оның сөзінше, ресейлік дрон түскен вагонда 18 адам болған. Жалпы пойызда 200-ден астам адам болған. Ол қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Харьков облысы прокуратурасының дерегінше, екі дрон пойыз маңында жарылған, тағы біреуі вагонға түскен.
Вице-премьер, Украинаны қалпына келтіру және аумақты дамыту жөніндегі министр Алексей Кулеба әлеуметтік желіде "шахед" моделіне жататын үш дрон "Барвенково - Львов - Чоп" пойызына шабуылдағанын айтты. Шабуылдан кейін өрт басталған.
Жұрт пойыздан дереу эвакуацияланған. Вице-премьердің айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем қызметі жылдам жеткен.
Алексей Кулеба жолаушылар пойызына жасалған соққыны "ресейлік террордың азаматтарға қарсы әрекеті" деп атады. Ресей билігі Украинада бейбіт азаматтарға шабуылдағанын мойындамай келеді.
Дрон түскен вагон тұтас өртенген, тағы бірін жартылай өрт шалған.
Шабуыл Харьков облысының Барвенковск ауданында пойыз жүргеннен кейін болған. Hromadske басылымы куәгер жолаушылардың сөзін жариялады. Олардың айтуынша, пойызға Языково станциясына жақын маңда шабуыл жасалған. Мұны кейін облыстық прокуратура да растады.
- Ресей әскері Украинада жолаушылар пойызына бұрын да шабуыл жасаған. 2025 жылы қазанда ресейлік снаряд Сумы облысында Шостка станциясында пойызға түсіп, 71 жастағы ер адам қаза болған. Сол айда дрон Львов-Краматорск бағытында жүретін пойызға да шабуылдамақ болған.