Харьковте ресейлік дрон көпқабатты үйге түсіп, бес адам жараланған

Ресей күштерінің шабуылынан қираған тұрғын үй. Украина, Харьков, 12 қазан, 2026 жыл.

12 қазан таңертең Ресей әскері Харьков қаласының Киев ауданындағы көпқабатты тұрғын үйге шабуылдап, салдарынан бес адам зардап шеккен. Мұндай деректі қала мэрі Игорь Терехов хабарлады.

Оның сөзінше, шабуылдан тұрғын үйдің подъездерінің бірінде 7-қабаттан 9-қабатқа дейін орналасқан пәтерлер қирап, өрт шыққан. Қазір ол жерде іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Харьков облыстық әскери әкімшілігінің төрағасы Олег Синегубов ресейлік тағы бір дрон спорт мекемесінің ғимаратына түскенін хабарлады.

Одесса облысының оңтүстігінде Ресей әскерінің шабуылынан «Новая почта» пошта операторының ғимараты зақымданған. Облыстық әскери әкімшілік жетекшісі Олег Кипердің айтуынша, адамдар зардап шекпеген.

Днепропетровск облысы Павлоград ауданында Ресей күштері шабуылынан кейін жергілікті кәсіпорын аумағында ірі өрт шыққан. Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі ауқымы едәуір өрт сөндірілді деп хабарлады, бірақ қандай нысан зардап шеккенін нақтыламады.

Украина қарулы күштерінің Әуе күштері таратқан мәліметке сәйкес, 12 қазанға қараған түні Ресей Украина аумағына Х-59 зымыранын және 121 дрон қолданып шабуылдаған. Оның 89-ын Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері атып түсірген.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі 12 қазанға қараған түні Украинаның порттық инфрақұрылымы мен теңіз кемелеріне шабуылды жалғастырғанын мәлімдеді. Ресей тарапы Одессаға бет алған жүк кемесін "әскери мақсаттағы жүк тасымалдады" деген желеумен атқылаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ресей шабуылдарынан Украинада жеті адам қаза тауып, оннан астамы жараланған