Хорлыдағы дрон шабуылынан 27 адам қаза болды, Украина бұған қатысы жоқ екенін айтты

Хорлы ауылы, Херсон облысы, Ресей бақылауындағы Украина аймағы. 1 қаңтар, 2026 жыл.

Ресей Тергеу комитетінің хабарлауынша, Мәскеу бақылауындағы Херсон облысының Хорлы ауылында кафе мен қонақүй кешеніне жасалған дрон шабуылы салдарынан қаза тапқандар саны 27 адамға жетті.

Ведомство мәліметінше, қаза тапқандардың екеуі — кәмелетке толмаған бала. Херсон облысының және аннексияланған Қырымның ауруханаларына түрлі жарақат алған 31 адам жеткізілген, олардың бесеуі — бала.

Аймақтың Ресейге қарайтын әкімшілігі қаза тапқандардың алғашқы тізімін жариялады.

Херсондық «Мост» басылымы соққы «Украинский дом» мейрамханасы мен «Лео» қонақүйіне жалсағанын жазды. Басқалардан бөлек, өрт болған жерден түсірілді деген кадрларды Федерация кеңесінің мүшесі Дмитрий Рогозин мен соғысты қолдайтын блогер Александр Шептура жариялады. Оның айтуынша, өртті сөндіру кезінде ресейлік әскери қызметкерлер де қаза тапқан.

Тергеу комитетінің дерегінше, 1 қаңтарға қараған түні ғимарат ішінде кемі 100 адам болған. Тергеушілер бірнеше дрон сынығын тәркілегені де хабарланды. Аймақтың Ресей тағайындаған басшысы Владимир Сальдоның айтуынша, шабуылға үш дрон қатысқан, олардың біреуі тұтандырғыш қоспамен жабдықталған.

1 қаңтарда Сальдо болған оқиға туралы Ресей президенті Владимир Путинге телефон арқылы баяндаған.

Украина Қарулы күштері Бас штабының өкілі Дмитрий Лиховий украин әскери күштерінің бұл шабуылға қатысы барын жоққа шығарды. «Украина қорғаныс күштері халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын ұстанады және тек қарсыластың әскери нысандарына, Ресей Федерациясының отын-энергетика кешені объектілеріне және агрессор елдің әскери әлеуетін азайтуға бағытталған басқа да заңды мақсаттарға ғана соққы жасайды», — деді ол.