Тұрғындар президент туыстары жайлы ашылып сөйлемейді

Нұрсұлтан Назарбаев және қазақстандық қоғам қайраткерлері бейнеленген сурет. Шамалган, 28 қараша 2018 жыл

Алматыдан 50 шақырым жерде орналасқан Шамалған ауылында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев туып-өскен. Бұл жерде әлі күнге дейін президенттің туыстары мен сыныптастары тұрады. Былтыр Шамалғанда "Атамекен" тарихи-мәдени орталығы ашылды, соның негізінде президентке арналған музей де пайда болды.

"МИЛЛИОНДАР МҰРАСЫ"

Шамалған ауылында жол жақсы. Жолды үнемі жөндейді деседі, сондықтан ауылда ерсілі-қарсылы қозғалыс та көп.

Шамалғандағы жөндеу жүргізілген жол. 28 қараша 2018 жыл

Ең әуелі былтыр ашылған "Атамекен" тарихи-мәдени орталығына бардық. Шын мәнінде оны президентке арналған музей десе де болады. Ғимарат жаңа, айналасы күтілген, ретпен отырғызылған ағаштар, жасыл көгал, әдемі орындықтар мен шамдар. Аула ортасында шыны күмбездің ішінде бірінші экспонат – 2001 жылы президентті тасыған "мерседес" тұр.

2001 жылы Нұрсұлтан Назарбаевты тасыған мерседес. Шамалған, 28 қараша 2018 жыл

Жарқыраған кең фойенің қабырғасында кілем тәріздес Назарбаевтың портреті ілінген. Оны Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бейбіт Атамқұловтың тапсырысымен америкалық суретші Дэвид Датун салыпты. Датун әйгілі адамдардың түпнұсқа портретін салумен танымал, мысалы, жақында Путиннің "Всевидящий В." портретін салды, оны белгісіз біреулер 400 мың долларға сатып алған.

— Бұл сурет "Миллиондар мұрасы" деп аталады. Алыстан қарасаңыз президенттің портреті ғана көрінеді, ал жақындап келсеңіз қазақ хандары – Абылай хан, Әбілхайыр хан, Жолбарыс хан, Сәмеке хан және өзге де хандардың суреттері көрінеді. Қазақ хандарының бейнелері бірлесе келіп, президенттің біртұтас портретін құраған. Ал көзілдіріктер президентіміздің көреген адам екенін меңзейді: ол алысты болжай алатын, көп векторлы саясатты жақтайтын адам, - дейді экскурсия жүргізген музей қызметкері Азамат Қали.

Америкалық суретші Дэвид Датун салған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті. Шамалған, 28 қараша 2018 жыл

Музей төрт тақырып бойынша залдарға бөлінген, бірінші зал – президенттің балалық шағы мен есею кезеңіне арналған. Онда президент отбасының шежіресі мен бала кездегі суреттерінен бөлек пионерлік атрибутика белгілері де сақталған (басқа да советтік балалар сияқты Назарбаев та пионер болған); президент туып-өскен үйдің макеті де қойылыпты. Музей қызметкерлерінің айтуынша, бұл үй қазірге дейін сақталып қалмаған, сондықтан макетті суреттерге қарап жасаған.

Нұрсұлтан Назарбаев балалық шағында тұрған үйдің макеті

Екінші және үшінші залдар Назарбаевтың саяси карьерасындағы түрлі кезеңдерге арналған, онда президенттің суреті көп: көктемде түскен суреттері, Горбачевпен түскен суреті, атқа мінген президенттің поло ойнап жатқан сәті, кілем өрнегіне жиектелген президент портреті, Конституцияны ұстап ант беруі сияқты фотолар бар. Тағы бір жерге президенттің қола мүсіні қойылған – онда ұлттық киім киген Нұрсұлтан Назарбаев сол қолына бүркіт қондырып, сұлу сәйгүлікке отырғызылған екен.

Нұрсұлтан Назарбаев музейіндегі балалар экскурсиясы. Шамалған, 28 қараша 2018 жыл

Экспонаттардың арасында Назарбаевтың Алматыда тұрғанда жұмыс істеген үстелі бар. Бұған қоса, ғарыш шлемі де қойылған, оны президентке Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров "Мен сияқты бол" деген қолтаңбамен беріпті. Назарбаев және қасында кіші қызы Әлияға ұқсас адам бейнеленген ваза тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев пен оның кіші қызы Әлияға ұқсас әйелдің суреті бар ваза

Төртінші зал президенттің қазіргі сыртқы саясаттағы жетістіктеріне арналған, қабырғаға Назарбаевтың басқа елдердің басшыларымен түскен суреттері ілінген, төменде – әйнек астында президентке шетелдік саясаткерлердің құрмет білдіріп, сыйлаған сыйлықтары бар.

— Музейдің көптеген экспонаттары, соның ішінде президенттің жеке заттары бірінші президент музейінен, Астанадан арнайы әкелінді. Президент бұл музейде 2018 жылы маусымның 22-сі күні болды. Ертең президенттің сыныптастарымен кездесеміз. Олардың бірі Күләш Әмірова Шамалғанда тұрады, музей кеңесшісі – дейді Азамат Қали.

Күләш Әмірова Шамалғанда танымал адам, сондықтан оның үйін табу қиын болған жоқ. Бірақ бізге ешкім есік ашпады. Көршілерінің айтуынша, Президент күні қарсаңында ол үйінде отырмайды, студенттер және оқушылармен кездеседі, Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жетістіктеріне арналған түрлі конференцияларға қатысады.

"БІР ОТАН! БІР ТАҒДЫР! БІР ЕЛБАСЫ!"

Шамалған – республикалық маңызы бар ауыл. Жолдың бәріне асфальт төселген, бағдаршамдар жақсы жұмыс істейді, жаяу жүргіншілер жолағы да қайта-қайта боялып тұратын тәрізді. Әрбір жерге Назарбаевтың суреті бар немесе сөздері жазылған плакаттар ілінген, бірақ мұндай жазуларды немесе плакаттарды елдің кез келген аймағынан көруге болады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі жазылған баннер. Шамалған, 28 қараша 2018 жыл

​Әлжан ана мен Әбіш ата көшесінен өттік – бұл көше президенттің ата-анасының құрметіне орай аталған. Былтыр Назарбаевтың анасының аты өзі туып-өскен Жамбыл облысындағы ауылға берілді.

— Мында Болат Назарбаев тұрады, - деді такси жүргізуші тас дуалдың ар жағында тұрған үйді көрсетіп.

Болат Назарбаевқа тиесілі деген үй. Шамалған, 28 қараша 2018 жыл

Үйге жақындау мүмкін емес, оның маңындағы аумақты тағы бір металл бекініспен қоршап қойыпты. Қоршаудың ар жағында жылқылар жайылып жүр, құстар көрінеді. Үйдің қасында құрылыс жүріп жатыр, тағы бір ірі жер телімін тас дуалмен қоршапты. Такси жүргізуші дуалдың қасына тұрғысы келмей, ары қарай жүріп кетті.

— Суретке түсірме, әйтпесе байқап қалады да, "кімсіңдер, қайдан келдіңдер" деп сұрайды, - деп сыбырлап айтты да, газды басып қалды.

Назарбаевтың Шамалғандағы туыстары туралы адамдар еппен сөйлейді, олармен танысқан немесе кездейсоқ кездескен сәттері туралы егжей-тегжей айтқысы келмейді. Есесіне президенттің туған ауылында тұрудың қандай жақсы екенін шексіз айта беруге әзір. Көшені суретке түсіріп жүргенімде ер адам келіп, стендтің қасына тұра қалды.

Ауыл тұрғындары. Шамалған, 28 қараша 2018 жыл

"Қиын болмаса, суретті кейін WhatsApp-тан жіберші" деп өтінген ер адам есімінің Әли екенін айтты.

— Шамалғандықпын, өмір бойы осында тұрып келемін. Бізде бәрі жақсы: жарық та, газ да бар, - дейді ол.

"Президентті көрдіңіз бе?" деген сауалға "Әрине, көрдім! Ата-анасы ана жерде тұрған, ал Болат ауылдың жоғарғы жағында тұрады. Осында үш үйі бар, балалары да осы жерде тұрады" деп жауап берді.

Шамалғанда бес мектеп бар, оның бірі – гимназия. Президент күнін жақсылап атап өтеді деседі, сондықтан мектепке бет алдым. Мектеп дәлізі тыныш, оқушылар сабақ оқып жатыр. Алыстан ән естіледі. Балалардан құралған хор Назарбаев жақсы көретін "Весна на Заречной улице" фильмінен ән шырқан тұр:

Когда весна придёт, не знаю.

Пройдут дожди, сойдут снега.

Но ты мне, улица родная,

И в непогоду дорога.

Мектеп директоры Гүлхан Аманжолова әлдеқайда асығып барады, бірақ бес минут уақытын бөліп, сұхбат беруге келісті.

— Гимназия 2004 жылы ашылды. Бұл президенттің "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы аясында салынған алғашқы мектептердің бірі, бұндай жобаның аналогы жоқ – тоғыз корпустан құралған үлкен ғимаратымыз бар, медицина кешені, спорттық кешенге жеке блок арналған, ол жерде спортзал мен бассейн бар. Президент күніне арнап салтанатты шара өткіземіз, мектеп қана емес, одан тысқары аумақта, "Атамекен" тарихи кешені мен президент оқыған Қарасай батыр атындағы мектепте де өтеді, - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаевтың мектепте оқыған кездегі суреттері мен деректер. Шамалған, 28 қараша 2018 жыл

Назарбаев алғаш табалдырығын аттаған мектептің ғимараты сақталмапты, оның орнына советтік кезеңде жаңа, кең мектеп салынған. Бірақ мұғалімдер "ұлы жерлесі" туралы естелікті сақтауға тырысқан - мектепте 90-жылдары Назарбаевқа арналған музей ашылыпты. Онда жас президенттің сирек кездесетін суреттерімен қоса мектеп аттестатының көшірмесі ілінген (президент тек беске оқыпты) және үлкен кестелі портреті бар.

Президенттің мектеп аттестаттары. Шамалған, 28 қараша 2018 жыл

— 2018 жылы президенттің мектепке барғанына 70 жыл толады. Президенттің өзі музейде екі рет – 1993 және 2007 жылдары болды, - дейді экскурсия жүргізуші.

Осымен экспозициялар да бітті, мектептен шықтым. Мектеп ғимаратының алдыңғы бетіне Назарбаевтың оқушылармен түскен суреті ілініпті, онда "Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!" деген жазу бар.

Мектеп алдында ілініп тұрған мерекелік плакат. Шамалған, 28 қараша 2018 жыл

Шамалғаннан кетіп бара жатқанда жол шетінде такси ұстап тұрған егде әйелмен сөйлестім. Ол Шамалғанда өмір бойы тұрып келеді, Назарбаевты да көрген. Бірақ оның балалық шағы есінде жоқ, себебі президент ауылынан ерте кеткен.

— Патшамыз жақсы, оның арқасында бәрі тамаша. Зейнетақыны уақтылы береді, жақсы өмір сүріп жатырмыз, елде тыныштық – басқа не керек? Құдай оған денсаулық берсін, - дейді әйел.