Йемен үкіметі хуситтерге қарсы ауқымды әскери операция бастағанын айтты

Йеменнің үкімет күштері сарбаздары. 3 қазан, 2026 жыл.

Йемен президенті Рашад әл-Әлими Иран қолдайтын хуситтер бақылау орнатқан аумақтарды қайтарып алу үшін кең ауқымды әскери операция басталғанын жариялады. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Әл-Әлими үкімет күштері "ел террорит содырлардың билігінен азат етілгенге дейін" шабуылын жалғастырады деп мәлімдеді.

Бірнеше күн бұрын Йемен үкіметі "хуситтердің күшеюіне қарсы тұру, азаматтарды қорғау, республикалық жүйені және конституциялық заңдылықты сақтау және мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін" жаппай мобилизация жариялаған деп хабарлады SABA мемлекеттік ақпарат агенттігі. Reuters хуситтерге қарсы шабуылға 100 мыңнан астам йемендік сарбаз қатыспақ деп жазды.

Йемен билігін Сауд Арабиясы қолдап, хуситтерге қарсы әуеден соққылар бермек, ал Йеменнің үкімет әскері құрлықтағы операцияларды жүргізеді.

Өткен айда хуситтер белсенділігін айтарлықтай арттырған. Олар тұтқиылдан шабуыл жасап, стратегиялық Баб әл-Мандеб бұғазын және Қызыл теңіз жағалауының шамамен 150 шақырымын басып алған. Бұл оларға халықаралық теңіз тасымалы бағыты мен Таяу Шығыс мұнайын экспорттауда жаңа мүмкіндіктер берді.

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметінше, кейінгі апталарда қақтығыстың қайта өршуіне байланысты Йеменде ондаған мың адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Үкімет бақылауындағы аймақтарда үй шаруашылықтарының 74% азық-түлікпен қамтамасыз етілмеген.

Хуситтер 2014 жылдан бері Йемен астанасы Сананы және халықтың басым бөлігі тұратын солтүстік-батыстағы үлкен аумақтарды бақылауда ұстап отыр. Осы жылдар ішінде олар Сауд Арабиясы, БАӘ және олардың Батыстағы одақтастарының бірқатар шабуылдарына төтеп беріп, Иранның көмегімен қару-жарағын жаңартқан. 2022 жылы бітімге келу туралы келісім жасалған. Биыл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әуе соққыларына қарымта ретінде хуситтер Сауд Арабиясының кемелері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл бастаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сауд Арабиясы дрон шабуылынан кейін маңызды мұнай құбырының жұмысын тоқтаттыҚызыл теңізде кемеге жасалған шабуылдан алты адам қаза таптыЙемендік хуситтер Сауд Арабиясына дронмен шабуылдадыОрмуздың ізінен Қызыл теңіз бұғатқа ұшырай ма? Ирандағы соғыс және Йемендегі хуситтерХуситтер деген кімдер?