ІІМ алаяқтар Telegram-ды қолданып ақша ұрлаудың жаңа тәсіліне көшкенін ескертті

Қазақстанның ішкі істер министрлігі алаяқтар Telegram мессенджерін пайдаланып жұрттан ақша ұрлаудың жаңа тәсілін қолданып жатқанын ескертті.

"Алаяқтар азаматтармен Telegram мессенджері арқылы байланысып, өздерін мемлекеттік органдардың, компаниялар мен ұйымдардың басшылары ретінде таныстырады. Бұл ретте олар шынайы басшылардың фотосуреттері мен деректерін пайдаланады. Директордың, басшының немесе басқа да лауазымды тұлғаның атынан қаскөйлер қызметкерлерге шұғыл түрде көрсетілген есепшотқа ақша аударуды, қызмет ақысын төлеуді, қандай да бір тауар үшін қаражат жіберуді немесе өзге де қаржылық операцияларды орындауды талап ететін хабарламалар жібереді", деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органы ондай хабарламалар көбіне бухгалтерлерге, қаржы қызметкерлеріне және ұйым қаражатымен жұмыс істейтін қызметкерлерге жіберіледі деп сақтандырып отыр.

ІІМ күмәнді хабарлама алған жағдайда ақша аудармауға, басшымен тікелей байланысып, ақпараттың рас екендігіне көз жеткізуге және хабарлама жіберген адамның аккаунтын мұқият тексеруге, егер күмән туса, хат-хабар алмасуды доғарып, оқиға туралы басшылыққа және жауапты қызметкерлерге хабарлауға кеңес берген.