Іле-Балқаш резерватына төрт Амур жолбарысының алғашқысы жіберілді

Үміт атты Амур жолбарысы 2026 жылғы 31 шілде күні Іле-Балқаш резерватына жіберілді. Қазақстанның экология министрлігі жариялаған фото.

Қазақстанға Ресейден жеткізілген төрт Амур жолбарысының алғашқысы Іле-Балқаш резерватына жіберілді.

Қазақстанның экология министрлігінің хабарлауынша, 31 шілде күні мамандар Үміт атты ұрғашы жолбарысты қазақ даласынан өзіне жаңа қоныс тапсын деп қоя берген.

Министрлік өткен ғасырда Орталық Азияда толық жойылып кеткен Тұран жолбарысының орнына, араға 70 жылдан астам уақыт салып, жолбарыс популяциясын қайта қалпына келтіру мақсатын көздейтін ауқымды халықаралық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтады.

"Жолбарысты табиғи мекеніне жіберу оны тарихи мекендеу ареалына қайтару және популяциясын қалпына келтіру бағдарламасын іске асырудағы алғашқы практикалық қадам болды", – делінген министрлік ақпаратында.

Іле-Балқаш резерваты аумағынан өзіне жаңа қоныс іздеуге шыққан Үміт атты жолбарыс. 31 шілде, 2026 жыл. Қазақстанның экология министрлігі жариялаған фото.

Биыл мамырда Іле-Балқаш резерватына Ресейдің Хабаров өлкесінен төрт Амур жолбарысы: бір еркек, бір ұрғашы және 6-7 айлық екі шөнжік жеткізілген еді.

Содан бері мамандар бақылауында болған жыртқыштардың алғашқысы еркіне жіберілді. Біраз уақыттан соң еркек жолбарыс, келесі жылы кішкентай екеуі де Үміттің қасына қосылады дейді мамандар.

Министрлік жолбарыстардың жүріс-тұрысын GPS-қарғыбау арқылы тұрақты бақылап отырмақ.

Ал жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы топ жұмыс істемек. Тиісті дайындықтан өткен мамандар жолбарысты адамдарға жақын келтірмей, үркітіп, қажет болған жағдайда оларды аулап ұстап, қауіп-қатерге жол бермеуге машықтанған.

Сонымен бірге, жолбарыс адам тұратын жерге бес шақырым жақындаған сәтте бірден іске қосылып, дабыл беретін арнайы жүйе жұмыс істейді деді экология министрлігі.

Ресейден әкелінген төрт Амур жолбарысынан бөлек, оның алдында Қазақстанға Нидерландыдан екі жолбарыс жеткізілген. Бірақ, ол екеуі хайуанаттар бағында өскендіктен, жабайы ортада өздігінен өмір сүре алмайды, сондықтан олар жолбарыс тұқымын көбейтуге пайдаланылатын болады деп хабарлады министрлік.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Нидерландтан Балқашқа екі амур жолбарысы жеткізілдіАмур жолбарысының төрт шөнжігіЖолбарысты қайта жерсіндіру үшін Ди Каприоға үміт артады