Назарбаевтың "тоқалы", қызының "күйеуі" және етене жақын түрік бизнесмені. Азаттықтың 2021 жылғы зерттеулері

2021 жылы Азаттық жұрт Қазақстандағы ең ықпалды отбасының мүшесі деп атап жүрген адам — бұрынғы президенттің үлкен қызының күйеуі деп саналатын Қайрат Шәріпбаевтың активтері туралы материал жариялады. Халықаралық зерттеушілер жария еткен Pandora Papers құжаттарында Нұрсұлтан Назарбаевтың "тоқалы" делінетін Әсел Құрманбаева туралы ақпаратты жинастырдық. Азаттық тілшілері Назарбаевтың ортаншы қызының бақылауындағы компанияның Алматының жоғарғы жағында үлкен жер теліміне иелік ететінін және оған кезекті сауда орталығын салмақшы екенін анықтады. Азаттық қазақстандық жоғары оқу орындарына кімдер иелік ететінін де зерттеді.

2021 жылы Азаттықта жарияланған ең үздік журналистік зерттеулердің топтамасын ұсынамыз. Азаттықтан ақпарат алып, бізбен бірге болғаныңыз үшін алғыс!

1. Дариға Назарбаеваның "күйеунің" шарықтауы немесе Қайрат Шәріпбаевтың активтері

"ҚазТрансГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев.

Бұрынғы совхоз агрономы миллиардтаған доллар активі бар газ компаниясы басшылығына қалай келді? Қайрат Шәріпбаевтың еңбек жолын білетін кейбіреулер оның елдегі ең ықпалды отбасының мүшесіне үйленгеннен кейін мансабы жылдам өсіп, шарықтап шыға келгенін айтады.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның "қазіргі күйеуі" аталып жүрген Қайрат Шәріпбаев кім? Оның қатысы болуы мүмкін бизнес-империя қалай жұмыс істеп тұр? Азаттық елдегі ең ірі мемлекеттік компаниялардың бірі - "ҚазТрансГазды" басқарып отырған Қайрат Шәріпбаевқа қатысы бар мекемелерді зерттеп көрген еді.

Зерттеуді мына жерден оқи аласыз.

2. "Елбасы" мен дәулетті түрік бизнесменін не байланыстырады?

"Ханшатыр" сауда-ойын-сауық орталығы, "Астана Арена" стадионы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Назарбаев университеті, Тәуелсіздік сарайы, "Нұр Әлем" сферасы — Қазақстан астанасындағы осы нысанның бәрін 48 жастағы түрік кәсіпкері Феттах Таминженің компаниясы салған. Таяуда оның аты Маңғыстау облысы Бозжыра шатқалындағы даулы құрылыс жобасы кезінде аталды.

2000 жылдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен "тікелей" сөйлескен, жиырма жылда Қазақстан билігінің тапсырысымен миллиардтаған теңгеге зәулім ғимараттар салып, елдегі ең бай шетелдік кәсіпкердің біріне айналған Феттах Таминже кім?

Зерттеу мәтінін оқыңыз.

3. Miss Kazakhstan, "Астана балет" менеджері. Назарбаевтың "тоқалы" Әсел Құрманбаева кім?

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "тоқалы" Әсел Құрманбаева және бұрынғы президентке жақын екі шенеунік "Пандора құжаттары" зерттеуінің кейіпкерлеріне айналды. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) "Құрманбаева офшордағы құпия келісімнен миллиондаған доллар пайда көрген" деп мәлімдеді. "Пандора құжаттарындағы" Әсел Құрманбаева жайлы не белгілі?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың "тоқалы" Әсел Құрманбаева кім?

Қазір Алматының жоғарғы бөлігінде жаңадан салынып жатқан театр құрылысына тапсырыс берген қордың жалғыз құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Әсел Құрманбаева бұған дейін "Астана балет театрының" иесі болған.

Назарбаевтың "жұмбақ әйелі" және Алматыдағы жаңа театр

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаевтың "жұмбақ әйелі" және жаңа театр

Азаттық бұған қоса Назарбаевтың "тоқалының" байлығы туралы Pandora Papers зерттеуінде аталған KARNELL HOLDING компаниясы Алматыдағы совет заманынан көпшілікке танымал, 98 гектар жері, бау-бақшасы мен көлі бар "Алатау" санаторийін меншіктеп алғанын анықтады. Ондаған жыл бұрын советтік Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен салынған санаторийдің орнында қазір қымбат қонақ үй орналасқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Алатау" санаторийін "Пандора құжаттарында" аталатын Karnell компаниясы меншіктеп алған

4. Назарбаевтың қызы мен күйеу баласы Алматыда тағы бір сауда орталығын салмақ

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен күйеу баласы Тимур Құлыбаев серіктестерімен бірге алты гектар аумаққа базар салғалы жатыр. Нысан Алматыдағы ең қымбат ауданның бірінде бой көтермек. Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарындағы ерлі-зайыпты Құлыбаевтар елдегі ең ірі банкке иелік етеді, екеуі де америкалық Forbes журналының миллиардерлер тізіміне енген.

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаевтың қызы мен күйеу баласы Алматыда тағы бір базар салмақ

5. Қазақстандағы университеттер кімнің меншігі?

Қазақстанда 130-ға жуық жоғарғы оқу орны бар. Оның көбі ұзақ жыл билікте жүрген, министр болған адамдарға немесе олардың туыстарына тиесілі. Білім мен ғылым саласын реформалауды жиі айтқан шенеуніктердің әйелдері, балалары университет, колледждерге иелік етеді.