Иран билігі АҚШ пен Израиль шабуылы басталғалы бері 1,3 мың адам қаза болғанын хабарлады

АҚШ пен Израиль шабуылы басталғалы бері Иранда 1,3 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болды. Бұл жөнінде Иранның БҰҰ-дағы өкілі Әмір Саид Иравани мәлімдеді. Оның сөзінен Қытайдың мемлекеттік "Синьхуа" ақпарат агенттігі үзінді келтіреді.

"Бұған қоса, [АҚШ пен Израильдің соққысы салдарынан] 9669 азаматтық нысан қирады: 7943-і – тұрғын үй, 1617 коммерциялық және сервис орталығы, 32 медициналық мекеме, 65 мектеп пен білім мекемесі, Қызыл крестің 13 ғимараты мен энергиямен жабдықтайтын бірнеше нысан [қирады]" деді Иравани.

Иран денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, қақтығыс басталғалы бері шамамен 15 мың адам жараланған: 12,5 мыңы емделіп, ауруханадан шығарылған, 1,7 мың адам әлі ауруханада.

Соғыс жағдайында ақпаратты тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.

  • АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы 28 ақпанда басталды. Соққылар нәтижесінде жоғарғы көшбасшы аятолла Әли Хаменеи өлтіріліп, елдің әскери және ядролық қондырғылары қиратылған.
  • Иран қарымта қайтарып, Вашингтон одақтастарының инфрақұрылымы мен базаларына соққы жасап жатыр.
  • БҰҰ-ның 6 наурыз күнгі мәліметінше, Америка және Израильдің Иранға соққысы салдарынан 1 мыңнан астам адам өлген, жүзден астам азаматтық нысан бүлінген.