Иран шілде айында АҚШ-тың Иорданиядағы әуе базасына соққы жасар алдында және соққыдан кейін Қытайдан спутник суреттерін алған. Бұл жөнінде The Wall Street Journal (WSJ) басылымы жазды.
17 шілдеде Иран әуе базасын баллистикалық ракеталармен соққылаған. Сол кезде үш сарбаз қаза болып, тағы төрт адам жараланды.
WSJ мәліметінше, шабуылдың алдында АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі бірнеше ай бойы Пекинге қытайлық компаниялар Иранға спутник суреттерін беруі мүмкін екендігі жөнінде ескерткен. Мамырда АҚШ қытайлық MizarVision, Earth Eye және Chang Guang компанияларына санкция салды.
Соққыдан кейін Иран әуе базасының қирағаны көрінетін сапалы суреттерді жариялады. Басылым дереккөзінің айтуынша, Вашингтон Пекинге Иранға берілген спутниктік деректер мен шабуыл арасында байланыс бар екенін көрсететін материал көрсеткен. Бірақ Қытай мұны жоққа шығарып, дәлел талап еткен.
WSJ дереккөздері Иранға қандай компаниялар дерек бергенін айтпаған және оған Қытай билігінің тіке қатысы бар деп тұжырым жасамайды. Қытайдың Вашингтондағы елшілік өкілі Лю Чан айыптауды "қасақана" ұйымдастырылған нәрсе деп атап, Пекин мен Тегеран әріптестігі халықаралық құқыққа сәйкес екенін айтты.
Иранның АҚШ әскери-теңіз күштерін қытайлық спутник деректері арқылы бақылау мүмкіндігіне қол жеткізгендігіне Америка шенеуніктері де алаңдап отыр деп жазды WSJ. Кейінгі кезде Иран Американың әскери кемелеріне баллистикалық ракеталар жіберген.
Мұндай мақала 24 қыркүйекте Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің кездесуі қарсаңында жарияланып отыр. АҚШ басшысы Пекинмен жақсы қарым-қатынас сақтауды басымдық берген бағыттардың бірі деп санайды, сондықтан Ақ үйдің жоғары лауазымды шенеуніктері Қытайдың Иранға көмегі туралы дауды жария түрде ушықтырмауға тырысып бағады деп жазды басылым.