Иранның қарулы алты кемесі 3 ақпанда таңертең Ормуз бұғазы арқылы Оманның солтүстігіне қарай бағыт алған АҚШ туымен жүрген танкерге жақындады. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Reuters және The Wall Street Journal жазды.
Басылымның жазуынша, Иран әскері экипаждан қозғалтқышты өшіруді талап етіп, танкерге кірмек болған. Алайда танкер жылдамдықты көбейтіп, жылжи берген. Кейін танкерге АҚШ әскери кемесі барып, қолдау көрсеткен.
Иран шенеуніктеріне сүйенген Fars агенттігінің хабарлауынша, кеме Иранның территориялық суына кіріп, ескерту айтқаннан кейін шығып кеткен. Қауіпсіздікке қатер төндіретіндей ештеңе болмаған. Ал Reuters-тің жазуынша, танкер Иран суына кірмеген.
Bloomberg жазуынша, америкалық F-35C жойғыш ұшағы Араб теңізінде "Авраам Линкольн" ұшақ тасымалдағыш кемесіне жақындаған ирандық дронды атып түсірген.
Мұндай оқиға АҚШ пен Иран Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзге дайындалып жатқан шақта болып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ол 6 ақпанда Стамбұлда өтпек. Кездесуге Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи және АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф қатыспақ. Axios жазуынша, Тегеран Стамбұлдағы кездесуді Оманға ауыстыруды сұрайды.
Бұған дейін Вашингтон Иранға әскери соққы жасайтынын жоққа шығармаған. Бірақ 31 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран Вашингонмен "салмақты келіссөз" жүргізіп жатқанын және әрі қарайғы шешімді осы кеңесулерден кейін қабылдайтынын айтқан.