250 мыңнан астам адам Бавария орталығы Мюнхен қаласындағы шеруге қатысты деді Германия полициясы Азат Еуропа/Азаттыққа. Бұл Иран билігі қарсыластарының Еуропадағы ең ірі наразылығы.
Мюнхендегі наразылық – 1979 жылы Ислам революциясы кезінде биліктен құлатылған Иран шахының ұлы Реза Пехлеви ұйымдастырған дүниежүзілік акцияның бір бөлігі.
Шетелде шашыраңқы жүрген Иран оппозициясының бір өкілі Реза Пехлевиді көпшілік қол шапалақтап қарсы алды.
"Бүгін біз жеңіс көкжиегін жақыннан көріп тұрмыз" деді ол. Айтуынша, ирандықтар алғаш рет бірлік танытып, жиналып отыр. Осыған ұқсас шаралар Лос-Анжелес пен Торонтода өтуі керек.
(Видео ағылшын тілінде)
Your browser doesn’t support HTML5
Hundreds Of Thousands In Munich Protest Against Iranian Regime
Иранда қаңтардағы наразылық кезінде күштік құрылымдардың мыңдаған адамды өлтіргеніне наразы жұрт Мюнхендегі шараға Еуропаның түкпір-түкпірінен жиналған.
"Олардың оянып жатқанына қуанып тұрмын"
"Жастар күн сайын өліп жатыр. Бұл қан төгу, сұмдық" деді Атена есімді әйел Азаттыққа. Өзге наразылар сияқты басқа қала – Италияның Милан қаласынан келген ол толық аты-жөнін айтудан бас тартты.
Айтуынша, Иран астанасы Тегеран мен өзге қалалаларда туыстары мен достары тұрады. Атенаның сөзінше, Иранда қаңтардағы наразылық күштік құрылымдардың басып-жаншуына қарамастан оған үміт отын сыйлаған.
"Олардың оянып, өзгерісті талап етіп жатқанына қуанып тұрмын... Бұл жолы өзгеріс болады" деді ол.
Тағы бір шеруші Расул Азаттыққа Мюнхендегі наразылық шарасына қатысу үшін Нидерландыдан келгенін жеткізді.
"Менің әпке-бауырларым, ата-аналарымның басына қауіп төнгендіктен алаңдап тұрмын, ашулымын. Олар еркіндікке қол жеткізу үшін көшеге шықты" деді Расул.
"Бұл режим бұрын-соңды болмаған дәрежеде әлсіреді. Егер АҚШ пен Еуропа бізге көмектессе, жұрт бастаған ісін аяқтай алады" деді ол.
АҚШ-ты Иранға қарсы әскери қимыл жасауға шақыратын Расул көтерген ұрандар шеруде көтерілген көптеген баннерлерде жазылып тұрды.
АҚШ-тың Парсы шығанағында әскери теңіз күштері Иранға жақын жерде тұр. АҚШ кейінгі кезде аймаққа осыншалықты көп күшін шоғырландырмаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп ирандық наразыларды қолдап, оларға дем беріп, осылайша АҚШ күштері оларды қорғау үшін жағдайға араласуы мүмкін екендігінен хабар берді.
Алайда АҚШ пен Иран арасындағы келіссөз Иранның ядролық және ракета бағдарламасы мен Иранның Ливан, Ирак, Йемендегі қарулы топтарды қолдауы сияқты өзге мәселелерге көбірек назар аударатын сияқты.
14 ақпанда Мюнхендегі баспасөз жиыны кезінде Реза Пехлеви Трампты қимылдауға шақырды.
"Иран халқы сіздің "көмек жолда келе жатыр" деген сөзіңізді естіді, сізге сенеді. Оларға көмектессеңіз, тарих сізді тек Иран халқы ғана емес, әлемдегі қаһарман тұлға ретінде еске алады" деді ол.
Оның алдында ол Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескен. Бұл бұрынғы ханзада үшін өте сирек кездесу болды.
Украинаның қоғамдық телеарналары түсірген видеодан екі ер адамның қол алысып, үстелде сөйлесіп отырғаны көрінеді. Пехлеви Зеленскийге жуырда Давоста өткен әлемдік экономикалық форум кезінде ирандық наразыларды қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Дегенмен АҚШ ирандық наразыларды қолдағанмен шетелде жүрген Пехлеви немесе өзге ирандық көшбасшыларға жылы ниет білдірген жоқ.
Оңтүстік Каролинадан сайланған Линдси Грем Мюнхендегі наразылықта сөз сөйледі.
"Мен аятолла емес – Иран халқын таңдадым. Олар АҚШ-тың жақсы одақтасы бола алады және аймақты жарыққа бастайды дегенге сенемін" деді ол.
Иранның ұлттық қарсылық қозғалысы 13 ақпанда бұдан шағындау наразылық акциясын өткізіп, Иран билігі мен монархиялық басқару идеясын да айыптады.