Иран Ормуз бұғазын қайта жабатынын мәлімдеді

Иранның жоғарғы біріккен әскери қолбасшылығы АҚШ-тың “өзара түсіністік туралы” меморандум шарттарын “орындамауы” және Израильдің Ливанның оңтүстігінде атысты тоқтатпауына байланысты Ормуз бұғазын жабатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде Reuters жазды.

Иран ислам революциясы сақшылар корпусының “Хатам әл-Әнбия” штабының мәлімдеуінше, бұғазды жабу “алғашқы қадам” ғана. Егер “басқыншылық” жалғаса берсе, өзге де шара қолданатынын ескерткен. Иран қолбасшылығының мәлімдемесін мемлекеттік Mehr ақпарат агенттігі жариялады.

“Иран өз міндетін орындады. АҚШ Израильді Ливанға шабуылдауын тоқтатуға мәжбүрлеуі керек” деп мәлімдеді Иранның сыртқы істер министрлігі. Оның мәлімдемесін Fars агенттігі таратты.

Бұдан кейін АҚШ қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы мәлімдеме жариялап, 20 маусымда Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қайта артқанын, одан кемінде 55 коммерциялық кеме өткенін, 17 млн баррель мұнай тасымалданғанын хабарлады.

АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс Fox News-ға әзірге, Иранның Ормуз бұғазын жапқаны әзірге расталмағанын айтқан. Оның сөзінше, АҚШ жексенбі күні Швейцарияда Иранмен келіссөз жалғасады деп үміттенеді. Ол сонымен бірге арнайы уәкіл Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Швейцарияға жеткенін айтты.

Кейін Пәкістанның сыртқы істер министрлігі Иран мен АҚШ арасында келіссөз Пәкістан мен Қатардың араағайындық етуімен 21 маусымда Швейцарияның Бюргеншток курортында өтетінін хабарлады. Тегерандағылар да делегацияның Швейцарияға аттанғанын растады.

Тараптар осы аптада қол қойылған меморандумды талқылауы керек. Меморандум Ормуз бұғазын кемінде 60 күнге ашып, келіссөзді жалғастыруды қарастырады.

Сенбі күні атысты тоқтату режимі күшіне енгеніне қарамастан Ливанның оңтүстігінде әскери қимыл жалғасқан.

ЦАХАЛ "Хезболланың" соққысына жауап ретінде соққы жасағанын айтты. Израиль атысты тоқтату режимін сақтайтынын, бірақ өзі басып алған аумақтан кетпейтінін мәлімдеді.