Иранда атып түсірілген америкалық әскери ұшақтың екінші ұшқышы құтқарылды

F-15 жойғыш ұшағы.

Иранда атып түсірілген америкалық F-15 әскери ұшағының екінші ұшқышы құтқарылды. Бұл жөнінде АҚШ-тың ресми тұлғалары Азат Еуропа/Азаттыққа хабарлады. Екінші ұшқыштың құтқарылғаны туралы хабар тарағаннан кейін көп ұзамай ақпаратты АҚШ басшысы да растады.

"Біз оны таптық" деп жазды АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде.

F-15E жойғыш ұшағын Иранның әуе қорғаныс жүйесі 3 сәуірде Иран аумағында атып түсірген. Бұл Иранмен соғыста атып түсірілген алғашқы америкалық әскери ұшақ. Бірінші ұшқыш ол ұшақтан секіргеннен кейін бірнеше сағаттан кейін құтқарылған еді.

"Миссиямыз орындалды" деді АҚШ-тың ресми тұлғасы Азат Еуропа/Азаттыққа 5 сәуірде.

Екінші ұшқыш – жойғыш ұшақтың екінші орындығында отыратын радар мен қару жүйесіне, навигация құралдарына жауапты ұшқыш – 5 сәуірде таңертең АҚШ-тың арнайы күштері мен өзге де әскери бөлімдері қатысқан күрделі, көп кезеңдік құтқару операциясы барысында құтқарылған.

Fox News дереккөздерінің айтуынша, құтқарылған ұшқыш пен құтқарушылар да Иран аумағынан шығып кеткен.