Иранда интернет қалпына келмеді, қаза болғандар артқаны хабарланды

Тегеранда наразылық кезінде отқа оранған мемлекеттік салық органдарының ғимараты. 19 қаңтар 2026 жыл.

Иранда интернет қысқа уақытқа қалпына келгенмен цифрлық түнек жалғасып жатыр деп хабарлады цифрлық құқықты қорғау тобы. Ал мемлекетке қатысы бар ақпарат агенттігі елде интернет жуық арада қалпына келеді деп жазды.

"Иранда интернет қысқа уақытқа қалпына келгендей болғанмен цифрлық блэкаут үшінші аптаға кетіп барады" деп жазды Netblocks цифрлық құқықты қорғау тобы 24 қаңтарда X желісінде.

"Онлайн платформалар ара-тұра істеп қалады және соңғы бірнеше күнде кейбір қолданушылар [VPN және өзге де құралдардың көмегімен] шектеуді айналып өте алған" деп жазды.

Ислам революциясы сақшылар корпусына жақын The Fars ақпарат агенттігі 24 қаңтарда Иран телекоммуникация компаниясы жетекшісінің сөзінен үзінді келтіре отырып, Интернет қызметі алдағы уақытта қалпына келетенін жазды. Бұған ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жетекшісі рұқсат берген.

"Құдайдың көмегімен, бұл мәселе бүгін не ертең шешіліп қалар" деді телекоммуникация инфрақұрылымына жауапты компанияның атқарушы директоры Бегзат Әкбар.

Президент Масуд Пезешкианның ұлы, мемлекеттік кеңесші Юсуф Пезешкиан интернетті қалпына келтіруге үндеді.

Иранда 8 қаңтардан бері жалғасып келе жатқан цифрлық түнек – әлем тарихындағы ең ұзақ блэкауттардың бірі. Бұдан ұзақ блэкаут 2021 жылы қазанда Судандағы төңкерістен кейін болған еді. Ол кезде 25 күн интернет жоқ болған.

Құқық қорғау ұйымы Тегеран Иран күштік құрылымдарының адам құқығын бұзу оқиғаларын жасыру үшін интернетті өшіріп отыр деп санайды.

Тағы бірі блэкаут наразыларды ұйымдасып, қарсыласу мүмкіндігінен айырып отырғанын айтады. Бұған қоса, жаңалықтар легін шектеп, түсіп жатқан ақпараттарды тексеруді қиындатып отыр.

Азаттықтың Иран қызметі наразылық кезінде қаза болған 23 жастағы студент Захра Бахлолипурды достары мен жақындары еске алғаны жөнінде видео жариялады. (Видео ағылшын тілінде)

АҚШ-та шоғырланған HRANA құқық қорғау тобының мәліметінше, наразылыққа қатысты 5 137 адамның өлімі расталған, 7400-ден астам адам жараланған.

24 қаңтарда HRANA ұйымы 12 904 адамның қазасы жайлы мәлімет әлі тексеріліп жатқанын хабарлады.

Дәл осы күні Иранда тәуелсіз мұғалімдердің одағы қудалау кезінде өлтірілген студенттердің тізімінде болған кемінде 29 мектеп оқушысының аты-жөнін жариялады.

Одақ өкілдері өздерінің сенімді дереккөздеріне сүйене отырып, балалардың суреті мен аты-жөнін жариялағанын және тізім әрі қарай да жаңартыла беретінін айтты.

Бұған дейін HRANA кәмелетке толмаған кемінде 54 жасөспірімнің қаза болғанын растай алғанын хабарлаған.

БҰҰ-ның жыныстық құқықбұзушылықпен күрес жөніндегі арнайы уәкілі Прамила Паттен Иранда жыныстық зорлық-зомбылық туралы "үрейлі" ақпараттарға алаңдап отырғанын жеткізді.

"Қамау орнында, ұстау кезінде немесе наразыларды қорқыту кезінде болған мұндай әрекеттер адамның негізгі құқықтарын өрескел бұзады және халықаралық құқыққа сәйкес қылмыс ретінде бағалануы мүмкін" деді ол.

Наразылардың жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны жайлы хабарды интернет шатдаунның салдарынан тексеру мүмкін болмай тұр. Күрдістан адам құқығын қорғау желісінің (The Kurdistan Human Rights Network, KHRN) хабарлауынша, Иранның Керманшах қаласында ұсталғандар жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.

Amnesty International ұйымы 2023 жылғы есебінде "Иранда қауіпсіздік күштері бейбіт наразыларды қорқытып, жазалау үшін оларға зорлау және өзге де зорлық түрлерін қолданған" деп жазған еді.

24 қаңтарда АҚШ мемлекеттік департаментінің X желісіндегі парсы тіліндегі аккаунты АҚШ президенті Дональд Трамптың журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрған видеосын жариялады.

Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи – бұған дейін Трамп оны наразылықтың артуына кінәлаған – "отставкаға кетуі керек немесе қуылуы керек пе?" деген журналистің сұрағына Трамп "жай-жапсарына тоқталғым келмейді" деп жауап берген.

"Бірақ олар біздің нені іздеп отырғанымызды біледі. Ол жақта көп адам өлтіріліп жатыр" деді Трамп.

Ол сонымен бірге маусым айында "Жарым түндегі балға" операциясы аясында АҚШ соққылаған ядролық нысан тәрізді озық үлгідегі ядролық нысандарды дамытудан Иран аулақ болуы керек деп ескертті.