Иранда наразыларға қарсы кемінде 23 мың қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады сот жүйесінің өкіліне сүйенген Фарда радиосы.
Сот өкілінің сөзінше, тұтас елдің түкпір-түкпірінде адамдар ұсталған. Оның айтуынша, наразылық кезінде 729 полиция бөлімі мен ислам революциясы сақшылар корпусының 120 шақты орталығына шабуыл жасалған.
АҚШ-та шоғырланған Human Rights Activists in Iran (HRAI) құқық қорғау ұйымының дерегінше, 15 ақпан күнгі жағдай бойынша кемінде 53 552 адам қамалған, 144-і – студенттер. Сотқа 11 053 адам шақырылған.
Иранда үкіметке қарсы наразылық 2025 жылы 28 желтоқсанда басталған және Иранның барлық аумағына жайылды. Бастапқыда наразылар экономикалық дағдарыспен байланысты талаптар айтқан, алайда кейін биліке қарсы ұрандар көтеріле бастады. HRAI хабарлауынша, 7015 адамның қазасы расталған, 6508-і – наразы. Тағы 11 744 адам туралы ақпарат тексеріліп жатыр. Бұған қоса, құқық қорғаушылардың айтуынша, 25 845 адам жарақаттанған.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Америка шенеуніктеріне сүйене отырып, АҚШ ирындықтарға интернет шектеуін айналып өтуге көмектесу үшін Иранға шамамен 6 мың Starlink терминалын құпия түрде жібергенін жазған. Басылымның жазуынша, президент Трамп тасымалдаудан хабардар болған, бірақ оның осы жоспарды тіке өзі мақұлдады ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.